Ереван Ресей президенті Владимир Путинді Халықаралық қылмыстық соттың ордері негізінде тұтқындауға ниет білдірген жоқ. Армения парламентінің вице-спикері Акоп Аршакянның "Арменпресс" агенттігіне берген сұхбатынан осыны аңғаруға болады.
"Ресей қауіптеніп отырғанын естідік. Рим статутына байланысты процесті Армения мен Ресей арасындағы стратегиялық қатынасқа зиян тимейтіндей дәрежеде ары қарай жалғастыра аламыз деп ойлаймын" деді Аршакян.
Вице-спикер бұл тұрғыда Ереван Мәскеумен келісім жасауы мүмкін екенін де жоққа шығармады. Аршакянның айтуынша, жуырда Армения өзге елмен осыған ұқсас келісім жасаған. Бірақ нақты қай ел екенін айтпады.
17 наурызда Халықаралық қылмыстық сот Владимир Путинді тұтқындауға ордер берген. Ол Украинаның Ресей басып алған аумағынан балаларды заңсыз тасымалдады деп айыпталып отыр. Осыған ұқсас ордер Ресей бала құқығын қорғау жөніндегі омбудсмені Мария Львова-Беловаға да берілді.
24 наурызда Армения конституциялық соты Рим статуты елдің конституциясына қайшы келмейді деген қаулы шығарған. Егер Ереван Рим статутын ратификацияласа, Путин Арменияға барған жағдайда армян билігі оны тұтқындауға міндетті.
Ресей сыртқы істер министрлігі Ереванға Армения Рим статутына қосылған жағдайда екі ел арасындағы қарым-қатынасқа сызат түсетінін ескерткен.
Ереванның мәліметінше, Рим статутын ратификациялау процесі былтыр жыл аяғында басталған. Армения Әзербайжанның Таулы Қарабақтағы "әскери қылмысына" байланысты Халықаралық қылмыстық сотқа шағым түсіргісі келетінін айтқан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Гаага соты Владимир Путинді тұтқындауға ордер берді. Бұл нені білдіреді?