3 сәуірде Шымкентте дизель отыны мен сұйылтылған газ сатып алу үшін кезекке тұрған жүргізушілер көбейді. Қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы Шымкентте сұйылтылған газ бен дизель отыны тапшы екенін растады.
Азаттық тілшісі қаладағы сұйылтылған газ құятын төрт бекетке барып, екеуінде газ жоқ екенін көрді. Оны бірі талонмен, бірі лимитпен сатып жатты. Сұйылтылған газдың 1 литрінің бағасы – 60 теңге.
Жүргізушілердің сөзінше, кейінгі екі күнде бекеттер жабылып, кассада "газ жоқ" деген жазу пайда болған.
– Кешеден бері талонмен беріп жатырмыз. Бағасы көтерілмеді, – дейді газ құю бекетінің қызметкері.
Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының бас маманы Ілияс Есжанов сұйылтылған газ бен дизель отыны тапшылығын қаладағы мұнай өңдеу зауытындағы жөндеу жұмысынан көреді. Оның айтуынша, қазір қалада 446 тонна сұйылтылған газ бар. Қалада мұндай газбен жүретін 51 мыңнан астам көлік тіркелген. Күніне 25-30 тонна газ жұмсалады. Сатып алуға шектеу қойылмаған. Ал дизель отынына шектеу бар: жүк көліктеріне 300 литр, жеңіл көліктерге 100-150 литр лимит. Сұйылтылған газ бен дизель отыны қаладағы газ және жанар-жағармай бекеттерінің тең жартысында жоқ.
Шымкентпен бірге Алматыда және Алматы облысында да дизель отыны тапшы екені айтылды.
Аймақтарда дизель отыны тапшы болып жатқанда, энергетика министрлігі елде бензин бағасын 11 пайыз, дизель отыны бағасын 20 пайыз өсіретіні туралы хабарлады.
Энергетика министрі қызметін атқарушы Болат Ақшолақов мұны "Қазақстан мен көрші елдердегі баға айырмашылығын азайту үшін жасап отырмыз" деп түсіндірді.
– Ішкі нарықтағы жанармайға қатысты жағдайды тұрақтандыру үшін Қазақстанның көрші елдермен арадағы баға айырмашылығын төмендету қажет. Бұл қиын, қажет шешімге баруымыз керек, мойындауымыз керек. Бөлшек саудадағы жанармай бағасын көтеру қажет. Оның ішінде АИ-92 мен АИ-93 маркалы дизель бағасын литріне қазіргі 182-187 теңгеден 200 теңгеге өсіру керек. Өсім – 11 пайыз. Дизель отынының бағасын литріне 295 теңгеге өсіру керек. Өсім – 20 пайыз, – деді министр.
Ақшолақов бағаны өсірмесек, саланың дамуына және елдің энергетикалық қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді деп есептейді.