Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының басшысы Алмасадам Сәтқалиев энергетика министрі болып тағайындалды.
Алмасадам Сәтқалиев 1970 жылы туған. 1997-2001 жылдары "Қазтрансойл" ұлттық компаниясында, 2001-2011 жылдары KEGOC компаниясында басшы қызметтер атқарған.
2007 жылы энергетика және минералды ресурстар министрінің орынбасары, "Самұрық-Қазынадағы" мемлекетік активтерді басқару холдингі директорлар кеңесінің мүшесі болған.
2011-2018 жылдары "Самұрық-Энерго" АҚ басқарма төрағасы, директорлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарған. 2021 жылдан бері "Самұрық-Қазына" қорының басқарма төрағасы.
Энергетика министрі қызметін 2022 жылғы 11 қаңтардан бері атқарып келген Болат Ақшолақов 4 сәуірде Қазақстан президентінің кеңесшілігіне тағайындалды.
Парламент сайлауынан кейін қызметінде қалған министрлердің тізімі 4 сәуірде президент жарлығымен жарияланды:
- Ажар Ғиният – денсаулық сақтау министрі;
- Асхат Оралов – мәдениет және спорт министрі;
- Азамат Есқараев – әділет министрі;
- Тамара Дүйсенова – еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі;
- Бағдат Мусин – цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі;
- Зүлфия Сүлейменова – экология және табиғи ресурстар министрі;
- Марат Қарабаев – индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі;
- Дархан Қыдырәлі – ақпарат және қоғамдық даму министрі;
- Юрий Ильин – төтенше жағдайлар министрі;
- Саясат Нұрбек – ғылым және жоғары білім министрі;
- Ербол Қарашөкеев – ауыл шаруашылығы министрі;
- Әлібек Қуантыров – ұлттық экономика министрі;
- Ғани Бейсембаев – оқу-ағарту министрі.
3 сәуірде Тоқаев үкімет басшылығын бұрынғы құрамда сақтап қалды. Роман Скляр, Серік Жұманғарин, Алтай Көлгінов және Ерұлан Жамаубаев (әрі қаржы министрі) бұрынғыша премьер-министрдің орынбасарлары болды. Өткен аптада премьер-министр Әлихан Смайылов та қызметіне қайта бекітілген. Үкімет басшысының кандидатурасын жаңа жасақталған мәжілісте ең көп орын алған биліктегі "Аманат" партиясы ұсынған. "Аманат" фракциясы "Смайылов бір жылдай ғана жұмыс істеді, мүмкіндік берейік" деген еді.
Саясаттанушы Арман Әмір Азаттыққа берген сұхбатында "Өкінішке қарай, бізде мықты парламент қалыптасқан жоқ. Сондықтан оны орнында қалдыру депутаттардың шешімі емес. Бұл – президент Тоқаевтың, президент әкімшілігінің шешімі. Ал Смайылов үкіметі бір жылда өзінің шамасын көрсетті, ал бір жыл деген аз уақыт емес. Алда бұл үкіметтен ешқандай жаңалық күте алмаймыз. Жетістікке жететін, халықтың мәселесін шешетін үкімет деп ойламаймын" деді.