Талдықорған қалалық соты Алматы облысы ҰҚК департаментінің бұрынғы басшысы Сәбит Құрманәлиевті 6 жылға бас бостандығынан айырды. Тергеудің болжамынша, Қаңтар оқиғасы кезінде ол қарамағындағыларға ғимараттан кетуге бұйрық берген.
Құрманәлиев "билік өкілетін асыра пайдаланды" (362-бап, 4-бөлік) деп айыпталған.
Сот ақпаратына қарағанда, ҰҚК департаментінің бұрынғы басшысы 2022 жылғы 5 қаңтарда қарамағындағыларға "заңсыз бұйрық" беріп, департаменттің әкімшілік ғимаратын тастап кетуді тапсырған. Сот хабарламасынан үзінді келтірген Informburo.kz мәліметінше, ол қызметтік құпия құжаттарды жойып, тұрғылықты жайларына тарау керек екенін айтқан. Осылайша ҰҚК департаментінің басып алынуына жағдай жасаған.
Сот қалған ақпарат істің "құпиялығына" байланысты жарияланбайтынын айтқан.
Сот Құрманәлиевке құқық қорғау органдарында 10 жыл қызмет атқаруға да тыйым салды. Бұған қоса, Қазақстан президентіне Құрманалиевті ұлттық қауіпсіздік саласының генерал-майоры шені мен мемлекеттік наградаларынан айыруды ұсынған.
Құрманәлиев тағылған айыптарды мойындаған-мойындамағаны белгісіз. Қорғаушы тарап не дегені жөнінде ақпарат жоқ.
Үкім заңды күшіне енбеді.
ҰҚК департаментінің бұрынғы бастықтарына тағылған айып туралы ақпарат күдіктілер ұсталғаннан кейін бір жыл бойы айтылмады. Олар жөнінде негізінен ҰҚК бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовке тағылған айыптардың деталі ретінде айтылған.