Иран билігі хиджаб кимеген немесе "тиісті дәрежеде оранбаған" әйелдерді анықтау үшін қоғамдық орындарға бақылау камераларын орната бастады. Бұл туралы елдің полициясы хабарлады.
Полиция хиджаб ережесін сақтамаған әйелдерге "ескерту хабарламасын" жіберетін айтты.
1979 жылы Иран билігіне радикал діни топтар келген соң, әйелдерге хиджаб кию міндетке айналған. Ережені орындамағандарға айыппұл салынады немесе олар қамалады. Елде басына орамал тақпаған әйелдерге көшеде жиі шабуыл жасалады.
- Былтыр қыркүйекте Иранның әдеп полициясы "хиджаб кию ережесін бұзды" деген айыппен 22 жастағы Махса Әминиді ұстаған. Әмини полиция бөлімінен ауруханаға түсіп, бірнеше күннен соң қаза болған.
- Әминидің туыстары оны күш құрылымдары өлтірді деп есептейді.
- Әминидің өлімінен кейін Иранда наразылық тұтанды. Жұрт полицияның күш қолдануына қарсы шығып, елді демократияландыруды, аятолла Әли Хаменеидің биліктен кетуін талап еткен.
- Наразылық басып-жаншылды. Құқық қорғаушылардың айтуынша, жаппай наразылық акциясы кезінде 600-ден астам адам өлген, шамамен 20 мың адам қамалған. Бірнеше адам дарға асылды.
- 2023 жылы наурызда АҚШ "әйелдердің құқығын өрескел бұзуға қатысы бар" ирандық ресми тұлғалар мен ұйымдарға санкция салған.