Қытай үш күнге созылған әскери жаттығу барысында Тайвань мен оған жапсарлас жатқан аумақтағы ықтимал нысандарға соққы жасауды пысықтайды деп хабарлады Қытайдың мемлекеттік CCTV телеарнасы.
Жаттығу 8 сәуірде басталған. Осы аптада Тайвань президенті АҚШ-қа сапарлап барғаннан кейін Пекин жаттығуды "қатаң ескерту" деп атаған.
Қытай әскері аралды қоршау операциясын пысықтап жатыр. Сенбі күні Тайвань басшылығы Тайвань әуесінде 70-тен астам қытайлық жойғыш ұшақ жүргенін хабарлады.
Тайбэй де 45 шақты қытай ұшағы Қытай мен арал арасындағы бейресми сызықты кесіп өткенін немесе қытай ұшақтары Тайваньның әуе шабуылынан қорғайтын жүйесінің радарына ілінгенін хабарлады. Акваторияда бір мезетте тоғыз қытай кемесі байқалған.
АҚШ Қытайды мәселеге байыппен қарауға үндеді. АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Вашингтон Пекиннің әрекетін мұқият бақылап отыр және АҚШ-тың аймақта бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ететін, бұған қоса, қауіпсіздік саласында одақтастары алдындағы міндеттемелерді орындауға ресурсы жететінін мәлімдеді.
Бұған дейін АҚШ президенті Джо Байден Қытай Тайваньға шабуылдаса, Америка араласады деп айтқан.
- Қытай билігі Тайваньды өз аумағы деп есептейді. АҚШ БҰҰ-ның көп мемлекеті тәрізді Тайваньды тәуелсіз деп танымайды, бірақ Қытайдың оны күштеп қосып алу ниетіне қарсы.
- Заңнамаға сәйкес, Вашингтон Тайваньға әскери көмек бере алады.