Атырау ауасында күкіртсутек нормадан 20 есе асып кеткен. Бұл ақпаратты "ҚазАқпарат" мемлекеттік ақпарат агенттігі хабарлады.
Атыраудың Шағала ықшамауданындағы атмосфераны бақылағанда ауадағы күкірсутек текше метріне 22,6 микрограмға жеткен. Бұл жағдай барлық ауданда байқалған. Норма бойынша, ауада күкіртсутек болмауға тиіс.
Көмірсутек бас айналдырады, жүрек айнытады, өкпеге әсер етіп, кісі өліміне дейін жеткізуі мүмкін.
Атырауда сәуірдің басынан бастап түтін жайылған. Шенеуніктер оны 2 сәуірде қала сыртындағы табиғи саябақта өртенген қамыстан көрген.
7 сәуірде төтенше жағдайлар министрлігі Атырау облысындағы қамыс өрті өшірілгенін хабарлаған.
Алайда Атырау тұрғындары негізгі себеп қамыс өрті емес, қаладағы өнеркәсіп түтіні дейді. Қазақстан экология министрі Зүлфия Сүлейменова да әлеуметтік желіде осыған ұқсас пікір жазған. Ресми ақпаратқа қарағанда, Атыраудағы мұнай өңдеу зауытын прокуратура тексереді.
Экологияға келтірген залалы үшін былтыр Атырау мұнай өңдеу зауыты 11 мың доллар айыппұл төлеген. Зауыт "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясына қарайды.