Жанармай бекеттері дизель отынын мұнай базаларында ұстап, Қазақстанда қолдан тапшылық жасап отыр. Бұл мәлімдемені "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы басқармасының төрағасы Мағзұм Мырзағалиев айтты деп хабарлады ҚазТАГ.
"Жанармай бекеттері кейінгі күндері қымбаттағанда сату үшін дизель отынын мұнай базаларында ұстап, қолдан тапшылық жасап отыр. Жекеменшік мұнай базаларында елдегі дизель отынының 73 пайызы тұр" деді Мағзұм Мырзағалиев.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің сөзінше, республикада 309 мың тонна дизель отыны бар. Сәуірде тағы да 441 мың тонна дизель өндіріледі. Қазір дизель тұтыну көлемі – 750 мың тонна, ал болжамды тұтыныс – ауыл шаруашылығы мен "Қазақстан темір жолының" қажеттіліктерін қосқанда, 510 мың тоннаға жуық.
7 сәуірде 415 жанармай бекетінде дизель болмаған, бұл – 3163 жанармай бекетінің 13 пайызы.
"Өткен аптада үш мыңнан астам жанармай бекетінің жұмысы сарапталды, әсіресе дизелі болса да, сатылымды азайтып отырған нысандарға айрықша көңіл бөлінді, яғни сатылымда шектеу бар екені байқалды. Елімізде мұндай 152 нысан бар. Оларға шара қолданылады" дейді қаржы вице-министрі Ержан Біржанов.
Үкімет "дизельді спекуляцияға айналдырып, мұнай базаларында ұстап отыруға жол беруге болмайды, өйткені еліміздің энергетикалық қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді" деп атап өткен.
"Қолда бар дизельді сатылымға шығармай отырғандарды қатаң жазаға тарту керек. "ҚазМұнайГаз" бен ҚТЖ зауыттардан шыққан дизельді дер кезінде толық жетізетін болсын" деп тапсырма берді премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр.
Өткен аптада Қазақстан үкіметі көршілес елдермен арадағы жанар-жағармай бағасының айырмасын азайту үшін бензиннің шекті бағасын 11 пайыз, дизелдің шекті бағасын 20 пайыз өсіруге шешім қабылдаған. Министрлер кабинеті бензин мен дизель тапшылығын бұл өнімдер көрші елдерге транзит көліктермен тасымалданып жатқанынан көреді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Әлихан Смайылов: Қазақстанның арзан бензині мен дизелі көрші елдерге кетіп жатыр ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Шымкентте сұйылтылған газ, Алматыда дизель отыны тапшы. Министрлік жанармай бағасын өсірмек