Макрон: Еуропа Тайваньға бола АҚШ пен Қытай жанжалына араласпағаны жөн

CHINA-FRANCE-DIPLOMACY

Еуропа өзгелердің жанжалына араласпағаны жөн, бұл мәселе Тайвань мәртебесі туралы АҚШ пен Қытайдың арасындағы келіспеушілікке де байланысты. Мұны Франция президенті Эммануэль Макрон жергілікті Les Echos газетіне берген сұхбатында айтқан.

"Біз блоктардың қарама-қарсылық логикасына араласпауымыз керек. Өзіміздің моделімізді қандай да бір тәуекелге салмай, өзгелерге тәуелді болмай, интеграциямызды мүмкін болған тұста жалғастыра бергеніміз жөн" деген Макрон "еуропалықтар Американың екпіні мен Қытайдың шектен тыс реакциясына ілесе кетпегені дұрыс" деп тоқтаған.

Эммануэль Макрон "Еуропа одағы елдері терең ұйқыдан шығып, өзінің ұлттық мүддесін ойлайтын, өз азаматтарының қажеттіліктеріне көбірек көңіл бөлгені жөн" деп пайымдаған. Франция президенті Еуропаны өзіне қатысы жоқ істерге тартуы мүмкін деп қауіптенеді.

Макрон бұған дейін Қытай төрағасы Си Цзиньпин айтқан Еуропаның қауіпсіздік архитектурасына да тоқталған. "Еуропада кейбір елдерге агрессия жасалып, кейбір жанжалдар көмулі жатқанда, ортақ қауіпсіздік болмайды" дейді француз басшысы. Оның ойынша, қазір Қытай – Ресей мен Украина арасындағы қарулы қақтығысқа "шұғыл және күрт өзгеріс" жасай алатын әлемдегі жалғыз мемекет.

"Еуропа Тайвань үшін Қытай мен АҚШ арасында жүріп жатқан текетіреске кірмеуі керек" деген пікірді Франция президенті Politico-мен әңгімесінде де айтқан. Бұл әңгіме Макро Пекинге барып, Си Цзиньпинмен кездескеннен кейін болған.

Әңгіме кезінде Макрон "Еуропалықтардың барлығы жауап беруге тиіс сұрақ: Тайвань төңірегінде дағдарыс күшейгені біздің мүддемізге сай келе ме? Әрине, жоқ" деп сөйлеген.

Франция президенті өзінің "стратегиялық автономия" теориясына да назар аударған. Бұл теория бойынша, Франция бастаған Еуропа Қытай және АҚШ-пен қатар тұратын "үшінші супердержава" болуға тиіс.

Қытай қарулы күштері сәуірдің 8-і мен 10-ы арасында Тайвань бұғазында әскери жаттығу өткізеді. Мұны "Біріккен алмас қылыш" деп атаған. Жаттығу кезінде Тайвань төңірегіне Қытай патрулі шығады. Пекин жаттығуды "өз-өзін басқаратын өңір президентінің өткен аптада АҚШ-қа барып қайтқан сапарынан кейінгі қатаң ескерту " деп мәлімдеген.

Қазір Қытай әскері аралды қоршау операциясын жан-жақты пысықтап жатыр. Сенбі күні Тайвань басшылығы арал маңының әуе кеңістігінде Қытайдың 70-тен астам жойғыш ұшағы жүргенін хабарлаған.

Your browser doesn’t support HTML5

Қытай Тайвань маңында әскери жаттығу өткізді