Қазақстан премьер-министрінің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу 11 сәуірде Мәскеуге ресми сапары барысында Қазақстан мен Ресей арасындағы екіжақты қатынасты мақтаған. Оның сөзінше, Астана Ресейді "Еуразия аймағындағы сенімді одақтасым және негізгі экономикалық серіктесім" деп біледі.
"Сондықтан бірінші шетелдік сапарымды Мәскеуден бастау мен үшін өте маңызды болды" деген Мұрат Нұртілеу сейсенбіде баспасөз мәслихатында. "Келіссөз нәтижесі біздің қарым-қатынасымыз тату көрші, дос және стратегиялық серіктес ретінде дамып келеді" деп мәлімдеген ол. Нұртілеудің сөзін Ресейдің мемлекеттік баспасөз құралдары жариялады.
3 сәуірде Қазақстан премьер-министрінің орынбасары – сыртқы істер министрі болып тағайындалған Мұрат Нұртілеуді сарапшылар президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сенімді серігі деп атайды. Ол президенттің кеңесшісі, президент әкімшілігінің басшысы болып істеген. Нұртілеу жаңа қызметке тағайындалғаннан кейін бір аптадан соң Астана ол "Мәскеудің шақыруы бойынша" Ресейге сапар шегетінін хабарлаған.
Қазақстан сыртқы істер министрлігі Нұртілеу Мәскеуде Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен және Ресей президентінің сыртқы істер бойынша көмекшісі Юрий Ушаковпен екіжақты кездесу өткізгенін хабарлады. Қазақстан СІМ баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа қарағанда, екі тарап Қазақстан мен Ресей әріптестігінің, мысалы, Ресейдің ықпалы басым Еуразия экономика одағы мен Ұжымдық қауіпсіздік шарт туралы ұйым (ҰҚШҰ) аясындағы екіжақты байланыстың "қазіргі жағдайы мен дамытудың өзекті мәселелерін" талқылаған.
Мәскеу Украинаға қарсы соғыс бастағаннан кейін әлем лидерлері алдында Ресей президенті Владимир Путин мен сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың сүйкімі кеткен. Батыс елдері Путин мен оның төңірегіндегі адамдарға қарсы дербес санкциялар салған. Әлем лидерлері бас қосатын саммиттерге Ресейді шақырмайтын болған.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр қарашаның аяғында Мәскеуге барған кезде Астана үшін Ресей "негізгі стратегиялық серіктес болып қалатынын" тағы да айтқан. Ресейдің әскери агрессиясын ешқашан айыптамаған Астана Мәскеуді тым жақын тартатыны үшін де сынға ілінеді. Қазақстан аумағын халықаралық санкцияларды айналып өтетін алаң ретінде пайдалануға жол бермеуге уәде ететін қазақстандық шенеуніктерге солтүстіктегі көршімен арада бірнеше мың шақырымға созылған шекара барын алға тартып, сыртқы саясаттың көпвекторлы екені туралы тезистерді қайталау тән. Сарапшылар Қазақстан Қытаймен де тығыз қарым-қатынаста болуға тырысатынын айтады. Астана Ресейді айналып өтетін, бастауын Қытайдан алатын Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХКБ) дамыту туралы келіссөздерді белсенді жүргізіп отыр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Астана Әзербайжан арқылы мұнай тасымалын арттыруды жоспарлап отырБұрын билікте үлкен қызметте болған қазақстандық шенеуніктердің кемінде екеуі Қаңтар оқиғасынан кейін Ресейдің ықпалы басым құрылымдарда жоғары лауазымға тағайындалған. Қазақстан президенті әкімшілігі бастығының бұрынғы бірінші орынбасары, бұрынғы мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев қазір – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы бас хатшысының орынбасары. Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі, бірнеше жыл Қазақстанның Мәскеудегі елшісі болған Иманғали Тасмағамбетов былтыр қарашада Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) бас хатшысы болып тағайындалды. Былтыр қаңтарда Қазақстанда билікке наразы халық жаппай шеруге шығып, оның аяғы тәртіпсіздіктерге ұласқан кезде Тоқаевтың сұрауымен елге ҰҚШҰ әскері енгізілген. Қаңтар қырғынында 200-ден астам адам қаза тапқан. Ресми ақпарат бойынша, шетелдік әскери контингент Қазақстан аумағында 2022 жылғы 6 қаңтардан 19 қаңтарға дейін болған.