Оралда полиция журналист Лұқпан Ахмедияровты 9 сәуірдегі митингіге қатысқаны үшін ұстаған

Журналист Лұқпан Ахмедияров.

12 сәуірде таңертең Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласында журналист, мәжіліс депутаттығына кандидат болған Лұқпан Ахмедияровты полиция ұстаған.

Азаттыққа түскен хабарға қарағанда, билік өкілдері әуелі журналистің көлігін тоқтатқан. Содан кейін қалалық полиция бөліміне алып барған.

Өзін полиция ұстағанын Ахмедияров Insagram-да тікелей эфирге шығып хабарлады. Видеода Шолохов көшесіндегі айналма жолмен келе жатқан журналистің көлігін үстіне беренді киім киіп, бет-жүзіне маска таққан адамдар тоқтатқаны көрінеді.

"Маған ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері тап берді. Олар мені ұстауға тырысып жатыр. Не үшін екенін білмеймін. Жүгіріп жетіп келді, мұнда "Қармау" арнайы операциясы жүріп жатыр. Көлігімді ашуға әрекет жасап жатыр" деп хабарлады тікелей эфир кезінде Ахмедияров.

Журналист сәрсенбі күні үйінің ауласын "әлгілер таңертеңнен бері торуылдап жүргенін" айтты. Біраз уақыттан кейін маска таққан адамдар көлікке мініп, кетіп қалған. Жеңіл көлігінде отырған Ахмедияровқа полиция қызметкері барған.

Ол журналиске "9 сәуірде Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 488-бабын бұздыңыз. Полицияға жүріңіз" деген.

Бұдан соң ол полиция патрулі қызметкерлеріне Ахмедияровты Орал қалалық ішкі істер бөліміне бастап баруды тапсырған.

"9 сәуірде митингіде болыпсың, сол іс бойынша сені шақырып жатырмыз" деді маған. Сондықтан арнайы жасақ шақыртқан болды ғой. Енді қалалық бөлімге бар, әкімшілік құқықбұзушылыққа қатысты деді" деп хабарлады видеоның ағында Лұқпан Ахмедияров.

Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі журналист Ахмедияровты ұстау хақында ешқандай комментарий бермеді.