Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласында әкімшілік істер жөніндегі сот журналист, мәжіліс депутаттығына экс-кандидат Лұқпан Ахмедияровты 15 күнге қамады.
Әкімшілік істер бойынша соттың судьясы Ернар Халықов 12 сәуірде кешкісін шығарған шешімде Лұқпан Ахмедияров "бейбіт жиындар ұйымдастыру және өткізу тәртібін бұзғаны үшін айыпты" деп танылған.
Журналист өткен жексенбіде Орал қаласындағы "Қазақ халқының даңқты қыздары" ескерткіші алдында өткен жиынға қатысқан. Сот шешімінде митинг жергілікті биліктің келісімінсіз өткені айтылған.
Лұқпан Ахмедияров заңды бұзған жоқпын деп мәлімдеді. Ол жергілікті жастар бірлестігі өткізген жиындағы төрт минуттық сөзінде шараның регламентінен ауытқымай сөйлегенін айтқан.
– 9 сәуірде ол алаңға митинг өткізу үшін емес, сол жерде "Ғасыр" жастар бірлестігі дәл сол уақытта шара өткізіп жатқаны рас па, жоқ па, соған көз жеткізу үшін бардым. Алаңға келгенімде, шынымен жастар шара өткізгелі жатқанын көрдім. Ұйымдастырушы Болатбек Сахиевтен шараға қатыса аламын ба деп сұрағанымды видеоға түсіріп алдым. Маған шараға қатысушылардан кейін сөйлеуге рұқсат берді, – деді Ахмедияров.
Журналист өзі айтқан видеоны әкімшілік іс материалына тіркеуді сұрады, бірақ судья рұқсат етпеді. Сотқа қатысушылар сөйлеп болғаннан кейін судья бірден шешім шығарды.
Қазақстанда 19 наурызда болған кезектен тыс парламент сайлауына бірмандаттық окургтен депутаттыққа кандидат болып қатысқан Лұқпан Ахмедияров сайлаудың ресми қорытындысына келіспейтінін мәлімдеген еді.
Полиция 12 сәуір күні таңертең Орал қаласында жеңіл көлігімен кетіп бара жатқан Лұқпан Ахмедияровты тоқтатып, ішкі істер бөлімшесіне жеткізген.
Өзін полиция ұстағанын Ахмедияров Insagram-да тікелей эфирге шығып хабарлады. Видеода Шолохов көшесіндегі айналма жолмен келе жатқан журналистің көлігін үстіне оқ өткізбейтін кеудеше киіп, бет-жүзіне маска таққан адамдар тоқтатқаны көрінеді.
"Маған ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері тап берді. Олар мені ұстауға тырысып жатыр. Не үшін екенін білмеймін. Жүгіріп жетіп келді, мұнда "Қармау" арнайы операциясы жүріп жатыр. Көлігімді ашуға әрекет жасап жатыр" деп хабарлады тікелей эфир кезінде Ахмедияров.
19 наурызда елде кезектен тыс парламент пен жергілікті мәслихаттар сайлауына қатысқан, өзін-өзі депутаттыққа кандидат етіп ұсынған кейбір адамдар "Халық парламенті" тобын құрған. Олар өздерін бәсекелесінен аз дауыс жинап, өте алмады деп көрсеткен сайлаудың ресми қорытындысына келіспейді.