Oyan, Qazaqstan жастар қозғалысы Жаңаөзен мұнайшыларын қолдап, #SupportZhanaozen флешмобын бастады.
Ұйым 12 сәуір күнгі мәлімдемесінде Астанада жұмыс талап еткен 126 мұнайшы мен оқиғадан хабар таратқан журналистер мен фотографтарды полиция ұстағанын айыптаған.
"Үкімет наразыларға мәселелерін құқықтық шеңберде шешуіне мүмкіндік бермей, қатыгездік көрсетті деп есептейміз. Жаңаөзендіктердің мәселелері шешілмей келе жатыр, жұмысшылар еңбек жағдайын жақсартуға тек ереуіл арқылы қол жеткізіп жатыр. Билікті еңбек құқығы үшін күресіп жатқан наразыларды қолдауға және тұрақты жағдай жасауға үндейміз" деп жазылған мәлімдемеде.
Мәлімдеме авторлары "қудалау жүріп жатқан тұста Қазақстанның батысындағы наразылар мен бейбіт жиналу құқығы бұзылғандарға қолдау білдіргіміз келеді" деп жазды.
Олар қолданушыларды #SupportZhanaozen (#ZhanaozendiQolda) хештегтерімен желіде жазба жариялауға үндеген. Қазір желілерде осындай хештегпен жазылған жазбаларды кездестіруге болады.
11 сәуірде кешкісін полиция Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласынан тұрақты жұмыс беруді талап етіп, Астанаға арнайы келген ондаған мұнайшыны энергетика министрлігі алдынан күштеп көлікке салып, полиция бөлімдеріне алып кеткен. Түні бойы полицияда болған жаңаөзендік мұнайшылардың көбі 12 сәуірде таңертең Астанадан пойызбен Маңғыстауға қайтқан. Мұнайшылардың 10 өкілі Астанада қалып, 13 сәуірде күндіз "ҚазМұнайГазбен" келіссөзді жалғастыратыны хабарланды.
Елде белсенділер мен бірқатар қоғамдық ұйым Астанада полиция тұрақты жұмыс сұраған мұнайшыларды дөрекілікпен ұстағанын айыптаған. Жаңаөзен мұнайшыларын қолдаған белсенділердің бірі қамалып, бірін полиция шақырып жатыр.