Жаңаөзенге жеткен наразы мұнайшылар "Өзенмұнайгаз" алдына жиналды. ҚМГ келіссөз барысы туралы айтты

Астанадағы "ҚазМұнайГаз" ғимараты.

14 сәуірде Астанадан Маңғыстауға жеткен наразы мұнайшылар "Өзенмұнайгаз" компаниясы алдына келіп, наразылықты жалғастырды. Олар талаптары орындалмайынша сол маңнан кетпейтінін мәлімдеді.

– Біз Астанадан аман-есен үйімізге оралдық. Нақты шешім шыққан жоқ. Біз қалған жігіттер [Астанадан] келгенше, шешім шықпайынша, "Өзенмұнайгаз" ғимараты алдында боламыз, – деді мұнайшылардың бірі. Наразылардың саны жүзге жетіп жығылады.

Бір күн бұрын олар станциялардың бірінен видеомәлімдеме жасап, талаптары орындалмаса, Астанаға баруға дайын екенін хабарлаған еді.

13 сәуірде мұнайшылардың 10 өкілі мен "ҚазМұнайГаз" арасында келіссөз басталған. Жұмысшылар ортақ шешімге келе алмағанын және алданғанын айтқан.

14 сәуірде күндіз "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы хабарлама таратып, келіссөздің барысы туралы ақпарат берді.

  • ҚМГ өкілдерінің айтуынша, "БерӘлі Маңғыстау Company" мекемесінің бұрынғы жұмысшылары өздерін "Өзенмұнайгазға" штатқа алуды талап еткен. Компанияның айтуынша, "бұл талапты орындау мүмкін емес, себебі жұмысқа кезекке 9 мың адам тұр".
  • Наразылар сонымен бірге мердігер компаниялармен келісімді ұзақ мерзімге жасауды талап еткен. ҚМГ келісімшартты "3+2"схемасы (үш жылдық келісім, қосымша 2 жылға созуға болады) бойынша әзірлеуге дайын екенін білдірген.
  • ҚМГ еңбекті қорғау мен ұйымдастыру, бірыңғай тариф-біліктілік анықтамасын қолдану, тендер процедуралары мәселелері бойынша тәуелсіз комиссия құруды қолға алатынын хабарлады. Келіссөз жалғасып жатыр.

Бұған дейін TikTok-та "ҚазМұнайГаз" өкілдерімен кездесу кезінде мұнайшылардың бірі 11 сәуірдегі ұстау кезінде "өздерін арнайы жасақ сабағанын" айтқаны туралы видео тараған.

"Пойызда кетіп бара жатқан жігіттердің біреуі қан сиіп жатыр, біреуін бүйрегінен теуіп тастаған, біреуінің көзі көгерген" дейді ол.

"Екі жылдан бері бір кассета айналып келе жатқан. Талабымыз бойынша ешқандай өзгеріс жоқ. Басшылармен кездестіреміз деді ғой, бірақ орынбасарлары ғана келеді" дейді видеода сөйлеген адамдар.

11 сәуірде кешкісін полиция Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласынан тұрақты жұмыс беруді талап етіп, Астанаға арнайы келген ондаған мұнайшыны энергетика министрлігі алдынан күштеп көлікке салып, полиция бөлімдеріне алып кеткен. Түні бойы полицияда болған мұнайшылардың көбі 12 сәуірде таңертең Астанадан пойызбен Маңғыстауға қайтқан. Мұнайшылардың 10 өкілі Астанада қалып, 13 сәуірде күндіз "ҚазМұнайГазбен" келіссөзді жалғастыратыны хабарланған.

Елде белсенділер мен бірқатар қоғамдық ұйым Астанада полиция тұрақты жұмыс сұраған мұнайшыларды дөрекілікпен ұстағанын айыптаған. Жаңаөзен мұнайшыларын қолдаған белсенділердің бірі қамалып, бірін полиция шақырып жатыр.