Финляндияда Еуропадағы ірі ядролық реактор іске қосылды

АЭС құрылысы. 2010 жыл.

Финляндияда 16 сәуірге қараған түні Еуропадағы ірі ядролық реактор – Олкилуото аралындағы атом электр станциясының үшінші энергоблогы іске қосылды.

Реактордың қуаты – 1600 гигаватт. Ол халық тұтынатын энергияның 14 пайызын өндіреді. Үшінші энергоблок іске қосылған соң, Олкилуото АЭС-і елдегі электр энергиясының 30 пайызын өндіретін болды. Финн энергетиктері бұл электр энергиясын арзандатып, көрші Норвегия мен Швециядан импортталатын энергия көлемін азайтуға мүмкіндік береді деп үміттенеді. Реактор жылына 12 тераватт-сағат электр энергиясын өндіреді. Бұл 5,2 млн пәтерді жылытуға жеткілікті.

Реактордың іске қосылуы сонымен бірге Ресейден электр энергиясын импорттауды тоқтатудан кейін туындаған тапшылықты жоюға тиіс. 2022 жылы мамырда ресейлік мемлекеттік "Интер РАО" Финляндияға электр энергиясын тасымалдауды тоқтатқан. Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Еуроодақ Мәскеуге санкция салып, Финляндия импортталатын энергияның ақшасын төлемеген.

Атом энергиясы – Еуропада қызу талқыланатын тақырыптардың бірі. 15 сәуірде Германия елде жұмыс істеген соңғы АЭС-ті жапты. Еуропаның өзге елдері, мысалы, Швеция, Франция мен Ұлыбритания, керісінше, осы салада жаңа жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр.