Хорватия соты Шешестаннан шыққан бес босқынға халықаралық қорғау мен саяси босқын мәртебесін беруден бас тартқан. "Оларды Ресейге қайтарып жіберуі мүмкін" деп хабарлайды "Кавказ.Реалии" редакциясына Еуропадағы шешен ассамблеясының өкілі Иса Дадуев.
"Сотта аудармашы болғандардың сөзінше, бес босқынға ешбір дәлел-дәйексіз ислам экстремистері деген күдік келтірген. Өте сыңаржақ шешім" дейді Дадуев.
Хорватияда жүрген шешен босқындары Украинадағы соғысқа қатысқысы келмегендіктен эмиграцияға кеткенін айтқан. Әзірге оларды мигранттарға арналған орталықта қалдыра тұрады, содан соң не Ресейге, не басқа елдерге жіберуі мүмкін. Хорват билігі түпкілікті шешім қабылдамаған.
- Былтыр қарашаның басында Хорватияда Шешенстаннан келген ондаған адам ұсталған. Олар "пана сұраған өтінішімізден мәжбүрлеп бас тарқызып жатыр" деп шағымданған. Шешендер Түркия арқылы Хорватияға жеткен, әрі қарай Еуропаның өзге елдеріне кетуді көздеген. БАҚ-та жария болғаннан кейін Хорватия омбудсмені Тена Шимонович-Айнвальтер бұл мәселені тексеретінін мәлімдеген. Бұған хорват құқық қорғаушылары да назар аударған.
- Желтоқсанда Еуропадағы шешен ассамблеясы шешен босқындарының бірін әуежайда хорват полицейлері соққыға жыққанын хабарлаған. Содан кейін мигранттар лагеріне жіберіп, бірнеше күн камерада жалғыз ұстаған.
- Биыл қаңтардан бастап Хорватия Шенген аймағына кірді. Былтыр шешен босқындары ұсталғанда, Хорватия мен Еуропа одағының шекара бақылауы жұмыс істеп тұрған.
- Еуропа одағының бірқатар мемлекеті мобилизациядан қашқаны үшін Ресей азаматттарына босқын мәртебесі беріле салмайтынын хабарлаған.