Қырғызстанда журналист "экстремистік материалдарды таратты" деген айыппен сотталды

Журналист Семетей Таласұлы.

Бішкектің Бірінші май аудандық соты 18 сәуірде журналист Семетей Таласұлын экстремистік материалдарды таратты деген айып бойынша кінәлі деп таныды. Бұл жөнінде Азаттықтың Қырғыз қызметі хабарлады.

Ақпаратқа қарағанда, журналисті бір жыл бойы пробациялық бақылауға алып, сот залынан босату жөнінде шешім шыққан.

Журналист Семетей Таласұлы былтыр 1 қарашада қамауға алынып, кейін үйқамаққа шығарылған.

Оның қамауға алынуына Facebook-тегі парақшасына 2021 жылы Ауғанстанға қатысты материалды көшіріп жариялауы себеп болған.

– Мен материалды жариялағаннан кейін маған сен "хизбутшылардың" сайтынан ақпарат алдың деді. Мен бірден өшіріп тастадым. Бірақ бұл базада сақталып қалыпты, – деді журналист.

Семетей Таласұлы – тәуелсіз журналист. Ол негізінен ұйымдасқан қылмыс пен жемқорлық жайында жазады. Сонымен бірге ойын еркін білдіретін азаматтық белсенділер мен саясаткерлердің ұсталуына ашық қарсы шығып келеді.