Маңғыстау облысында 2022 жылдан бері 134 еңбек дауы болған. Бұл туралы 19 сәуірде Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев президенттің қатысуымен өткен әлеуметтік-экономикалық мәселелер жөніндегі жиында мәлімдеді.
Әкімнің сөзінше, 2022 жылы болған 117 еңбек дауының 112-сі "шешілген", 49 еңбек дауында жұмысшылар жұмысты үш сағаттан көп уақытқа тоқтатқан.
Ноғаев 2023 жыл басталғалы 17 еңбек дауы болып, төрт ереуілде жұмыс үш сағаттан ұзақ уақытқа тоқтағанын айтты. Әкімнің айтуынша, бес еңбек дауы шешілген, 12 дау "мониторингіде".
Ноғаев биыл Маңғыстауда 39 мың жұмыс орны ашылатынын, оның ішінде 32 мыңы тұрақты жұмыс болатынын жеткізді. Сөзінше, жыл басынан бері 9 мың жұмыс орны ашылған, халықты жұмыспен қамту үшін 1,4 миллиард теңге бөлінген.
Ноғаевтың есебін тыңдаған президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Жаңаөзен мұнай-газ секторына қарап отырғанын" айтып, қалада "қабылданған кешенді даму жоспарын орындау керек" деді.
– Үкімет жауапты болады. Батыстағы жастардың көбі мұнайшы болғысы келеді, бұл дұрыс емес. Мұнай таусылған кезде жағдай қиындауы мүмкін. Сондықтан жастар басқа мамандықтарды игеруі үшін жағдай жасауымыз керек. Мысалы, қазір сұранысқа ие саланың бірі – ақпараттық технология, осы саланы Маңғыстауда дамытуға болады. Біз білімді жастарды тәрбиелеуіміз керек, – деді Тоқаев.
Премьердің орынбасары Алтай Көлгінов жиында берген есебінде мұнай өндіретін компанияларға қызмет көрсететін сервистік мекемелердегі келісімшартты бір жылдан үш жылға ұзартуымыз мүмкін деді.
Биліктен жұмыс талап еткен жаңаөзендіктер сервистік мекемелерде келісімшарт қысқа болатынын, мекеме тендерде жеңілсе, қызметкерлер жұмыссыз қалатынын айтып, тұрақты жұмыс талап еткен еді.
Премьер-министр Әлихан Смайылов Жаңаөзенде жылдық қуаты 900 миллион текше метр болатын газ өңдеу зауытының құрылысы басталады деп мәлімдеді. Оның сөзінше, құрылыс 2025 жылы аяқталуға тиіс.
Бүгін, 18 сәуірде өткен үкіметтегі жиналыс даулы тендер салдарынан жұмыссыз қалған жаңаөзендіктердің наразылығынан кейін өтті. Жұмыссыз қалған Жаңаөзен мұнайшылары Астанаға келіп, биліктен тұрақты жұмыс талап еткен еді. Оларды арнайы жасақ күштеп ұстап, пойызбен Жаңаөзенге қайтарған. Билік жұмыссыз қалғандардың мәселесін шешеміз деп уәде еткенімен, қазірге дейін екі тарап нақты бір мәмілеге келген жоқ.