Мобилизациядан қашқан Ресей азаматы Қазақстаннан пана сұрады

Қазақстан-Ресей шекарасы.

Ресей құрамындағы Қалмақияның астанасы Элиста қаласының тұрғыны Игорь Санджиев Mgorod.kz сайтына берген сұхбатында Қазақстанның батысындағы Орал қаласында екенін және босқын мәртебесін алғысы келетінін айтқан. Оның сөзінше, 13 сәуірде жергілікті еңбек және әлеуметтік қорғау департаменті оның өтінішін қабылдап, пана іздеуші тұлға куәлігін берген.

Санджиев сұхбатта "әскери қимылға қарсы екенін" атап өткен. Ол Қазақстан аумағына Ресейдің Волгоград облысы жағынан кірген. "Тікенек сымтемірді кердім де, мемлекеттік шекарадан өте салдым" деді ол. Бұдан соң Сайхин ауылынан таксимен Орал қаласына келген. Сол жақта Санджиев еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті департаментіне қайырылған.

Санджиевке пана іздеуші тұлға куәлігі құқық қорғаушылар араласқаннан кейін ғана берілген. Мұны Адам құқығын қорғау бюросы бөлімшесінің жетекшісі Павел Кочетков та растайды. Ол еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне хат жолдаған. 13 сәуірде Санджиевті еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаменті қабылдаған. Көші-қон полициясы мен ҰҚК қызметкерлері оны шекараны кесіп өтуі жөнінде тергегеннен кейін құжат берілген.

Департамент өкілдерінің айтуынша, Санджиевке берілген куәлік үш айға жарамды. Осы уақыт аралығында тіркеу мәліметі жинақталып, комиссияға берілетін материалдар дайындалады. Босқын мәртебесін беру мәселесін комиссия қарайды.

Ақпаратқа қарағанда, Игорь Санджиев Ресей құрамындағы Қалмақия астанасы Элистада тұрған. Құрылыс саласында істеген. Былтыр қыркүйекте Ресейде мобилизация басталғаннан кейін оны "әскери тіркеу мәліметтерін жаңарту үшін" әскери комиссариатқа шақырған. Сол жақтан әскери бөлімге апарып, төлқұжатын тәркілеп алған. Айтуынша, алғашқы төлем төленген соң әскери бөлімде "берекетсіздік" басталған. Мобилизацияланғандар "көп ішіп, бір-бірімен төбелесе бастаған". Ал "әскери дайындық" дегені әскери жарғы жаттау мен сап түзеп жүруден аспаған.

Санджиевтің есебінше, шамамен 200 адам дайындықтан өткен. Дайындық кезінде әскери бөлімнен төрттен бірі кетіп қалған.

Былтыр қарашада Игорь Санджиев әскери бөлімнен қашып, Мәскеуге, шамамен бір айдан соң Санкт-Петербургке барған. Биыл қаңтардың аяғында Беларусь шекарасынан заңсыз өтіп, шетел елшіліктерін іздеген. Алайда оны Беларусьтің арнайы қызметі ұстап, Ресейге депортациялаған. Санджиев Волгоградтағы әскери комендатураға тапсырылған, бірақ әскери бақылауға қарамастан сытылып кеткен.

Былтыр желтоқсанда Қазақстан мобилизациядан қашқан Федерациялық күзет қызметінің майоры Михаил Жилинді Ресейге тапсырған еді. Ол шекараны кесіп өткеннен кейін бір тәулік ішінде Қазақстаннан саяси баспана сұраған. Заң бойынша, бұл одан мемлекеттік шекараны кесіп өту туралы айыпты алып тастауға мүмкіндік береді. Қазақстан заңнамасы елінен заңсыз түрде қашып келген азаматтарды отанына қайтаруға да тыйым салады. Алайда Қазақстан билігі Ресей азаматына босқын мәртебесін беруден бас тартқан.

Биыл Ресей соты Жилинге "мобилизация жағдайында әскерден қашқаны үшін" және "шекараны заңсыз кесіп өткені үшін" 6,5 жыл қатаң режимдегі түрме жазасын берген. Жилин әскери атақтарынан айырылды.