Қарағандыда соттың әрекетіне наразы азамат судьяның отставкасын талап етті

Облыстық сот ғимараты алдында плакат ұстап тұрған Сәния Звереваға полиция қызметкерлері ескерту жасап тұр. Қарағанды, 20 сәуір, 2023 жыл.

20 сәуірде Қарағанды облыстық сотының алдында Теміртау қаласының тұрғыны Сәния Зверева наразылық акциясын өткізіп, Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық сотының судьясын отставкаға жіберуді талап етті. Ол "апелляциялық шағым түсіруге мүмкіндік бермеген" аудандық соттың судьясы шешімді енді өзі орындауы керек, миллион теңгеден астам соманы өзі төлеуі керек деді. Ол осы талаптарын қолындағы плакатында жазып көрсеткен.

Зверева сот шешімінің "зардабын тартып, қаржы проблемасына тап болғанын" айтты.

– Апелляциялық шағым беру енді ештеңе шешпейді. Шешім күшіне еніп қойды, зардабын тартып жатырмын. Банкпен уақытында есеп айырыса алмадым, қайта қаржыландыруды да, несиені де ала алмадым, сонымен бірге бес жыл бойы несие алу мүмкіндігінен айырылдым. Бірінші рет несиені кешіктіріп жатырмын, банк сенімінен айырылдым, – деді Сәния Зверева акция барысында.

Оған облыстық соттың қызметкерлері шығып, акцияны тоқтатуды және плакатты түсіруді талап етті. Олар полиция да шақырды. Облыстық сот қызметкерлерінің бірі әйелдің қолындағы плакатты алып, мыжып тастады. Наразылық білдіруші плакатты қайтып беруді, өзін тыңдауды талап етті. Плакат қайтарылды.

– Шешімнің орындалуын тоқтата тұру деген ұғым бар. Кеше ол (судья) өтінішіңізді қанағаттандырды, апелляциялық шағымның мерзімін қалпына келтірді, іс облыстық сотқа келеді. Ендігі мәселе атқару парағын қайтаруда, – деді оған Қарағанды облыстық сотының кеңсе меңгерушісі Нұрлан Мәжитов.

Әйел қайта шағым беру мәселені шешпейтінін, оның сөзіне сенбейтінін айтты.

– Қайта шағым түсіру қазанда, яғни сот шешімін орындау әлі күшіне енгізілмеген кезде өзекті болар еді, ал қазір жағдай басқаша. Енді бұл мәселені судья өзі түзетуі керек, – деді Зверева құқық қорғау өкілдеріне.

Сонымен бірге прокуратура өкілі Звереваға пикет өткізуге алдын ала хабарлама беруі керек болғанын ескертті. Әйел Қарағандыда пикетке бәрібір рұқсат берілмейтінін, көшеге шығудан басқа амалы қалмағанын айтты.

Кейінірек прокурор оны аудандық прокуратура ғимаратына кіріп сөйлесуге көндірді.

– Кейін жағдай өзгергенін маған айтпадыңыз, білмедім. Мәселені толығырақ талқылайық. Бұлай тұрғанмен қазір ештеңеге қол жеткізе алмайсыз. Құқықтық салада тағы да қарастыруға тырысайық, – деді прокурор.

Осыдан кейін Зверева аудандық прокуратура ғимаратына баруға келісті. Кешкісін ол Азаттыққа "профилактикалық әңгімеден" кейін босатылғанын, бірақ плакатын бермей қойғанын айтты.

– Судья заңды бұзды, бұзғанын сотта дәлелдедім, бірақ іс жүзінде ештеңеге қол жеткізбедім. Соттардың қыспағында жүргенімде уақыт өтіп жатыр, – деді әйел.

Зверева отставкаға кетуін талап еткен судья Ибраева болған жағдайға байланысты реакция білдірген жоқ.

Бұған дейін облыстық сот Сәния Звереваның апелляциялық шағымынан кейін аудандық соттың іс-әрекетінде заңсыздық барын растаған және оның қайта шағымдану құқығын қалпына келтірген. Бірақ, Звереваның айтуынша, сот шешімі күшіне еніп кетті: қазір шоттары бұғатталғандықтан, банкке берешегін кешіктіріп төлей бастаған.