20 сәуірде Жаңаөзенде ондаған жұмыссыз адам жергілікті әкімдік ғимаратының алдында түнеп шықты. Тұрақты жұмыс талап еткен олар бейбіт митингіні 1 сәуірде бастаған. 17 сәуірде қаладағы үйлердің бірінде жарылыс болып, төрт адамның өмірі қиылғаннан кейін акцияны "уақытша" тоқтатқан. Олар бүгін, 21 сәуірде наразылықты жалғастырған.
"Қазір алаңда 60-қа жуық адам тұр" деді түстен кейін Азаттыққа Жаңаөзеннен хабарласқан жұмыссыздар.
– Ешкім біздің хабарымызды білуге келген жоқ. Әкім де шықпады. Полиция қызметкерлері қоқан-лоқы көрсетіп кетіп жатыр. Біз тұрақты жұмыс талап етеміз, – деді белсенді Бекзат Ізбаев.
Жиналғандар бейсенбі күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа бейнеүндеу жасаған.
"Үкімет қолдаудың орнына, түрлі қысым көрсетеді. Біз президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан осы іске араласып, жұмыссыздықты тез арада шешуді талап етеміз!" деді үндеуді оқыған адам. Әкімдік алдына жиналып тұрған адамдар барлығы бірге "Қолдаймыз!" деп айқайлады.
20 сәуірде Жаңаөзен әкімдігінің өкілі Азаттық тілшісіне "жиналған азаматтар ұсынылған басқа жұмыстан бас тартып, тұрақты жұмыс талап етіп тұр" деген еді. Бүгін әкімдікпен хабарласу мүмкін болмады.
Бір жыл бұрын 200-ден астам жұмыссыз адам дәл осындай "тұрақты жұмыс керек" деген талаппен әкімдік алдында екі ай тұрған. Кейін жергілікті билік 150-дей адамды қысқа мерзімде оқытып, біразын "БерӘлі Маңғыстау Сompany" компаниясына жұмысқа кіргізген. Биыл ол компания тендерден қағылып, жұмысшылары Астанаға талап айтып барды. Полиция наразыларды күштеп ұстап, басым бөлігін пойызға салып, Жаңаөзенге қайтарды. Билік олардың арасынан 10 адамды келіссөзге алып қалған. Бірақ одан бері бірнеше күн өтсе де, жұмыссыздар атынан қалған өкілдер "келіссөзден нәтиже болмай жатыр" деп әлденеше рет айтты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңаөзен жұмыссыздарының 20 сәуірдегі үндеуіне әзірге жауап берген жоқ. Одан бір күн бұрын Астанада атқамінерлермен кеңейтілген кеңес өткізген Тоқаев Жаңаөзендегі жағдай туралы бұрын да айтқан сөзін қайталап: "Батыс жақта, әсіресе Маңғыстауда жастардың көбі тек мұнай саласында жұмыс істегісі келеді. Бұл дұрыс емес. Мұнай қоры таусылғанда, облыстағы жағдай айтарлықтай нашарлауы мүмкін. Сондықтан біз жастардың басқа мамандықтарды игеруіне жағдай жасауымыз керек" деді.
Your browser doesn’t support HTML5