Белгородта жарылыс орнынан тағы бір авиация бомбасы табылды

Белгород қаласы, 20 сәуір, 2023 жыл.

Су-34 ұшағы қателесіп бомба тастаған Ресейдің Белгород қаласында жарылыс орнынан тағы бір әуебомба табылды. Бұл жөнінде Белгород облысының губернаторы Вячеслав Гладков хабарлады.

Оның сөзінше, жарылғыш затты саперлер тапқан. Ресей қорғаныс министрлігінің мамандары оны полигонда залалсыздандыру туралы шешім қабылдаған.

Baza телеграм-арнасының жазуынша, әуебомба жер астында жатыр. Снаряд 7 метр тереңдікке кіріп кеткен.

Гладковтың айтуынша, 200 метр радиустағы 17 көпқабатты үй тұрғындары эвакуацияланады. Әзірге толық емес мәлімет бойынша, 3 мыңнан астам адам басқа жаққа көшіріледі.

  • 20 сәуірде Белгород қаласында қала төбесінен ұшып өткен ресейлік Су-34 ұшағынан әуебомба құлаған. Қорғаныс министрлігі "авиациялық оқ-дәрі кенеттен сырғып түсті" деп мәлімдеді. Жарылыстың салдарынан тұрақтағы бірнеше көлік бүлінген. Бір үйдегі төрт пәтер қираған. Үш адам зардап шекті.