Кейінгі тәулікте Ресей әскері Украинаның Запорожье облысын шамамен 70 рет атқылады. Бұл жөнінде облыстың әскери әкімшілігінің жетекшісі Юрий Малашко мәлімдеді. Оның сөзінше, дүркіндете ататын ракета жүйесімен және дрондармен шабуыл жасалған. Азаматтық нысандар бүлінген, Степногорск қаласында ер адам жараланған.
Харьков облысы да атқылауға ұшырады. Облыс әкімшілігінің жетекшісі Олег Синегубов Котляры ауылындағы екі жеке үй толық қирағанын айтты. Жылыжайлар мен көкөніс фабрикасының цехы бүлінген. Ол сонымен бірге бір тәулікте облысқа 40-60 соққы жасалғанын айтты.
Херсон облысы мен оның орталығына да, әкімшіліктің хабарлауынша, бір тәулікте 54 соққы жасалған. Бір адам өлген, екі адам жараланған.
21 сәуірде Украинаның ұлттық қауіпсіздік, қорғаныс және барлау комитеті төрағасының орынбасары Юрий Аристов Украинадағы соғыстың салдарынан үйлердің үштен бірі және инфрақұрылым нысандардың төрттен бір бөлігі қирағанын айтқан. Елге келген шығын көлемі 144 млрд доллар деп айтылады.