Астанадағы сотта прокурор Азамат Сәрсембаев Гүлмира Сатыбалдыны айыпты деп тануды және сегіз жылға соттауды сұрады. Прокурор айыпталушының мүлкін тәркілеу қажет емес деп есептейді. Бұл туралы "Власть" сайты хабарлады.
Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының әйелі Гүлмира Сатыбалды былтыр наурызда ұсталған. Оған 2021 жылы бюджеттен 747 млн теңге жымқырды деген айып тағылған. Органдар Гүлмира Сатыбалды бұл қаржыны жасалмаған құрылыс-жөндеу жұмысы үшін алған дейді. Былтыр сәуірде оған 2019 жылы Универсиада объектілерін жөндеуге бөлінген ақшаны ұрлады деген де айып тағылды.
Бұдан бөлек, Сатыбалды "адам ұрлады", "бизнесті күштеп тартып алды" деген күдікпен тергелді. Оның үстінен шағымданғандардың қатарында бизнесмен Тұрсын Алагөзов болды. Алагөзовтің әйелі әрі продюсер Баян Алагөзова желіде Гүлмира Сатыбалдының "рейдерлік әрекеттерін" айтып, бірнеше рет пост жариялаған.
Гүлмира Сатыбалды "қылмыс ұйымдастырды", "адам ұрлады", "өз алдына билік етіп, қылмыс жасады" деген айыптармен сотқа тартылды.
Сот процесі 14 наурызда басталған.
Былтыр 26 қыркүйекте сот Қайрат Сатыбалдыны "Қазақтелеком" мен "Көлік сервисі орталығы" компанияларынан аса ірі көлемдегі қаржы жымқырды деген айыппен 6 жылға сотталған. Оның үстінен тағы бірнеше іс бойынша тергеу жүріп жатыр.
Сарапшылар 2022 жылы болған Қаңтар оқиғасынан кейін экс-президент Назарбаевтың туыстары қамауға алынып, отбасы мүшелері жоғары лауазымдардан шеттетілгенін бұрынғы кланның әлсірегені деп есептейді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ 6 жыл жаза, мүлкін тәркілеу һәм генерал-майор атағынан айыру. Қайрат Сатыбалдыға үкім шықты