24 сәуірде Мәскеуде Қырғызстанның ауыл шаруашылығы министрлігінің орынбасары Самат Насирдинов пен Ресейдің ветеринариялық және фитосанитариялық бақылау бойынша федерациялық қызметінің (Россельхознадзор) басшысы Сергей Данкверт жолықты. Бұл туралы мәлімет Россельхознадзор сайтында жарияланды.
Кездесу кезінде Россельхознадзор басшысы Қырғызстанның сүт өнімдері "тексерістен өткеннен кейін" Ресей нарығына қайта тасымалдана бастайтынын айтқан.
Мекеме хабарламасында сүт таситын компанияларды тексеру барысында лейкоз, паратуберкулез және малда кездесетін плевропневмония бойынша жүргізілген мониторинг жиынтығы берілмегені мен олардың екпе жүргізілгенін растайтын құжаттары болмағаны жазылған.
Балық өнімдерін тексерудің де нәтижесі осындай болғаны жазылған.
Кездесу барысында Данкверт Россельхознадзордың тексерулерінен кейін ғана Қырғызстанның сүт және балық өнімдерін Ресейге кіргізуге рұқсат етілетінін айтқан.
Россельхознадзор 21 сәуірден бастап Қырғызстанның сүт өнімдерін импорттаудан бас тартқан. Ресми мәлімет бойынша, шешім 10-16 сәуір күндері сүт фермалары мен сүт орындарын тексергеннен кейін қабылданған.
Оның алдында Қырғызстанның мемлекеттік тіл жөніндегі комиссиясының төрағасы Қаныбек Осмоналиев қырғыз әліпбиін латынға көшіруге дайын екені жөнінде мәлімдеме жасаған. Кей сарапшылар оқиғаны осы жайтпен байланыстырған.
Ресей билігі жылдар бойы Россельхознадзорды Мәскеуге әрекеті жақпай қалған бұрынғы совет республикаларына қарсы ықпал ететін тетік ретінде пайдаланады. Ресей бұрын Армения, Беларусь, Грузия, Молдова және Украинамен қарым-қатынасы нашарлаған кезде осы елдерден өнім тасымалдауға тыйым салған. Бұл елдер Мәскеудің әрекетін "экономикалық санкция" деп атаған.