Ақтөбе облысындағы "Батыс-Мұнай" жұмысшылары ереуілді тоқтатты

Ақтөбе облысындағы мұнай кеніштерінің бірі.

Жалақының аздығына наразы болып, жұмысқа шықпай қойған Ақтөбе облысындағы "Батыс-Мұнай" компаниясының бұрғылаушылары ереуілді тоқтатты. Кәсіпорын басшылары жұмысшылар талабын орындауға уәде берген. Бұл жөнінде Азаттыққа Мұғалжар ауданы әкімдігі мен жұмысшылардың өзі хабарлады. Ақтөбе әкімдігі "кеніштердің бәріндегі жағдай қалыпты" деп хабарлады.

Бірақ бұрғылаушылар жалақысы қашан, қаншаға өсетіні белгісіз. – Кәсіпорын басшылары экономикалық мүмкіндіктерін саралай бастады. Жалақы қанша пайыз көбейетіні талдаудан кейін белгілі болады, – деді Мұғалжар ауданы әкімінің орыбасары Рустам Ахметов Азаттыққа.

Әкімдік өкілінің айтуынша, ол бейсенбі күні жұмысшылары ереуілдетіп жатқан "Батыс-Мұнай" компаниясының Мұғалжар ауданы аумағындағы төрт ұңғымасын аралап, 100 шақты жұмысшының талабын тыңдаған. 28 сәуірде Азаттыққа телефонмен хабар берген Рустам Ахметов: – Тараптар мәмілеге келді. Кеше кешкі 9-дан кейін мұнайшылар жұмысына қайта кірісті, – деді.

Ал ереуілді тоқтатқан жұмысшылар талаптары орындалмағанын, компания басшылары 27 мамырға дейін мәселенің шешімін хабарлауға уәде еткенін айтты.

– Арамызда заңды білетін ешкім жоқ. Қарапайым жұмысшымыз. Басшылар "талаптарыңды қағазға түсіріп беріңдер" деді. Жаза алмай, біраз қиналдық. Айлығымызды 100 пайыз көбейтіңдер деп жазып бердік те, кеше кешкілік жұмысқа қосылдық. Не болса да, 27 мамырға дейін күтеміз енді, – деді аты-жөнін атамауды сұраған "Батыс-Мұнай" жұмысшысы.

27 сәуірде Ақтөбе облысының Мұғалжар және Темір аудандарында Қазақстан мен Қытайдың бірлескен "Батыс-Мұнай" компаниясының 100-ден астам жұмысшысы жалақыны 100 пайыз өсіруді талап етіп, өндірісті тоқтатқан. Желіде тараған видеоүндеуде бес бригаданың жұмысшылары бірауыздан "айлық көбейсін" деген талап қойған. Компания Мұғалжар және Темір аудандарында бұрғылаумен айналысады.

Ақтөбе облысы әкімдігінің хабарлауынша, мұнайшылар наразылығы болған Мұғалжар, Темір аудандарындағы кеніштерге бейсенбі күні еңбек инспекциясы мен әкімдік өкілдері, "Батыс Мұнай" компаниясының бас директоры Чэнь Цзень барған.

Азаттық мұнайшылар наразылығы туралы пікір сұрап, "Батыс-Мұнай" компаниясының Ақтөбедегі кеңсесіне хабарласқан. Хатшының сөзінше, басшылар әлі кеніш басында. "Байланыс аясынан тыс жерде" болғандықтан, олардан ақпарат алу әзір мүмкін емес.

Қазақстанның батысында мұнайшылар жалақы өсіруді сұрап, жиі ереуілге шығады. Жергілікті билік оларға ереуіл заңсыз екенін айтып, жиі ескерту жасайды әрі лидерлерін полицияға шақырады. Мәселелері шешілмеген жағдайда жұмысшылардың кейбірі аштық жариялайды, кейбірі Астанаға баруға мәжбүр. Батыс өңірлерде бірнеше компанияның жұмысшылары ереуілдің арқасында жоғары жалақыға, жақсы еңбек шартына қол жеткізген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Жұмыс беруді талап етіп келген жаңаөзендік мұнайшылардың көбі Астанадан Маңғыстауға қайттыЖұмыс сұраған мұнайшыларды полиция алып кетті. Жаңаөзен халқы оларды дереу босатуды талап етті