Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан шекараның түйіскен тұстарын талқылады

Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан үкіметтері делегациясының өкілдері шекара мәселесін талқылап жатыр.

Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанның үкіметтік делегациялары Қырғызстанның Баткен қаласында кездесу өткізді. Бұл жөнінде министрлер кабинетінің баспасөз қызметі хабарлады.

25-29 сәуір аралығында делегациялар Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанның мемлекеттік шекараларының түйіскен тұсын анықтау мәселесін талқылаған.

Ақпаратқа қарағанда, келесі кездесу Тәжікстан аумағында өтеді. Өзге ақпарат айтылмады.

Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасының ұзындығы – 970 шақырым. Қазір 519 шақырымға делимитация және демаркация жасалған. Қалғаны даулы аумақ ретінде қалып отыр.

Өзбекстан мен Қырғызстан арасындағы шекараның ұзындығы – 1314 шақырым. Бұл – Қырғызстанның ең ұзын шекарасы. Былтыр қарашада Қырғызстан мен Өзбекстан 30 жыл бойы жалғасып келе жатқан шекара дауына нүкте қоятынын мәлімдеген. Тараптар жылдар бойы анықталмай келген 312 шақырым бойынша келісімге келген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Тарихи келісім". Қырғызстан мен Өзбекстан "достығы" ұзаққа созыла ма?