Алматыда журналист Думан Мұхаммедкәрім ұсталды. Адвокат Ғалым Нұрпейісовтің хабарлауынша, полициядан учаскелік инспектор хабарласып, журналист ұсталғанын айтып, бөлімшеге шақырған.
– Учаскелік инспектор хабарласып, "Думанды Қылмыстық кодекстің 488-бабының 12-бөлігі бойынша ("бейбіт жиын тәртібін бұзу") ұстадық, аудандық басқармаға апара жатырмыз. Кешегі видеосында "митингіге шақыру жоқ қой" деп едім, "келе беріңіз, құжат дайындадық, бұйрықты күтіп отырмыз" деді. Қазір сол жаққа бара жатырмын, – деді адвокат Азаттық тілшісіне.
Полиция әзірге жауап бермеді.
Журналист Думан Мұхаммедкәрім "Не дейді?" (ND) YouTube-арнасында 30 сәуір күні жарияланған видеоға байланысты ұсталған болуы мүмкін. "1 мамыр – қазақты мазақ қылу мерекесі. Үйден шықпаңыздар, диваннан тұрмаңыздар, ал мен шығамын" атты видеода журналист Қазақстанда аталып өтетін "Қазақстан халқының бірлігі күні" мерекесін сынап, Қазақстан халқы ассамблеясы қазақ халқының мүддесіне қайшы әрекет етіп отыр деді.
Адвокат Ғалым Нұрпейісов бұл видеода автор митингіге шақырмағанын айтты.
Бұған дейін "бейбіт жиын тәртібін бұзу" бабы бойынша әкімшілік жазаға тартылған белсенді жексенбі күнгі видеосында "енді әкімшілік емес, қылмыстық жауапқа тартамыз" деп өзіне қоқан-лоқы жасалғанын айтқан.
"Не дейді?" арнасының авторы Думан Мұхаммедкәрім шамамен екі апта бұрын 25 күндік әкімшілік қамаудан босап шыққан. Мәжіліске кандидат болған ол сайлау нәтижесін мойындамайтынын айтып, жұртты бейбіт наразылыққа шақырған еді. Ізінше "бейбіт жиын тәртібін бұзғаны үшін" 25 күнге қамалды.
1 мамырда елде "оппозиция митингісі өтеді" деген күні Алматы мен Астанада қауіпсіздік күшейіп, полиция митинг орны аумағынан бірнеше адамды ұстап әкеткен. Астанада кемінде екі белсенді ұсталған, Алматыда Орталық саябақта арнайы жасақ "Қытайға жол жоқ" деген жазуы бар плакат ұстаған бірнеше адамды күштеп ұстап әкеткен.
Бұған дейін "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы жалақы мен зейнетақыны өсіру, ҰҚШҰ мен ЕАЭО-дан шығу, Жаңаөзенді қолдау, тұтыну несиесін кешіру сияқты талаптармен жақтастарын 1 мамырда бейбіт митингіге шақырған.
Құқық қорғаушылардың айтуынша, билік "бейбіт жиын өткізіп, пікірлерін ашық айтқысы келгендерді, билікті сынағандарды жиі қудалайды. Ресми Астана елде саяси қудалау барын жоққа шығарады.