АҚШ пен Финляндия қорғаныс саласында әріптестік орнату туралы екіжақты келісімді әзірлеп жатыр. Бұл құжат АҚШ-қа Финляндия аумағында әскери база орналастыруға мүмкіндік береді. Келісімнің ядролық қаруға қатысы жоқ.
Финляндия сыртқы істер министрлігінің өкілі Микаэль Антелл іс жүзінде келісімнің мәтіні даяр екенін мәлімдеді. Құжат бір рет қаралған. Оның пікірінше, АҚШ-пен ынтымақтастық Финляндияның қорғанысын нығайтады. Келісім Америка әскеріне Финляндияға барып, әскери техникасын сақтауға және Конгрестің Пентагонға берген қаржысының көмегімен инфрақұрылымға инвестиция тартуға мүмкіндік береді.
Финляндия мен АҚШ арасындағы ресми деңгейдегі келіссөз келесі жылға дейін созылады. Мұнан соң келісім парламентке жіберіледі.
Келісім Финляндияның НАТО-ға мүшелігіне қайшы емес, керісінше оны толықтыра түседі.
Қазір АҚШ Швеция және Даниямен қорғаныс саласындағы ынтымақтастық бойынша келіссөз жүргізіп жатыр. АҚШ Норвегиямен осыған ұқсас келісімге 2021 жылы қол қойған. Американың әуе-әскери күштері Норвегияның Рюгге әуежайында шоғырланған.
4 сәуірде Финляндия ресми түрде НАТО-ның 31-мүшесі атанған. Онымен бірге НАТО-ға қосылуға өтінішті Швеция да берген, алайда оның одаққа қосылуына Түркия мен Венгрия қарсы болған.