2018 жылы көктемде Мәскеуде қаза болған қазақстандық Томирис Байсафаның жақындары дарынды балалар мен жастарды қолдайтын қор ашты. Бұл туралы Томиристің анасы Жанна Ахметова бір күн бұрын Instagram-дағы парақшасында хабарлады. Оның айтуынша, қор спорт, ғылым және өнер салалары бойынша талабы зор дарынды балаларды қолдайды.
"Бұл қор қазақстандықтардың жүрегінде имандылық, мейірім мен әділеттің символы ретінде мәңгі сақталатын қыз – Томирис Байсафаның рухына арналған. Қорлар мен қоғам қайраткерлерінің көбі көпбалалы отбасыларға, мүгедектігі бар балаларға және әлеуметтік жағынан қорғалмаған топтарға көмектесетінін білеміз. Біз барлық ресурсты спортта, ғылымда және өнерде әлеуеті жоғары дарынды балаларды қолдауға бағыттауды жөн көрдік" деп жазылған қордың парақшасында.
Жанна Ахметова қызы Томирис бес жыл бұрын – 3 мамырда қайтыс болғанын еске салып, "біз жақындарымыздан айырылмаймыз. Бір-бірінің жүрегінде өмір сүретін адамдарды бір-бірінен өлім де, ештеңе де айыра алмайды. Томирис жүрегімізде өмір сүретінін білемін, қолдауларыңызды сезінемін" деп жазды.
Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының 21 жастағы студенті Томирис Байсафа 2018 жылғы көктемде оқу орнының төртінші қабатындағы терезеден құлап, 3 мамырда ауруханада көз жұмды. Сол кезде "өзін-өзі өлтіруге итермелеу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды, кейін іс "адам өлтіру" бабына ауыстырылды. Студенттердің бірі оны әлдекім терезеден итеріп жібергенін айтты. Куәгерлердің айтуынша, марқұм соққыға да жығылған.
Былтыр Мәскеу соты Томирис Байсафаның өлімі бойынша айыпталған Дағыстан үкіметі бұрынғы жетекшісінің ұлы Муртузали Меджидовті 13 жылға бостандығынан айырған. Оның алдында Меджидов ақталып шыққан. Кейін сот ақтау үкімінің күшін жойды.
Муртузали Меджидовтің әкесі Мұхтар Меджидов Дағыстан үкіметін 2013 жылғы қаңтар-шілде айларында басқарған. Оған дейін республика премьерінің орынбасары және аймақтық заң шығару органының депутаты болған. "Ресей қорғаныс министрлігінің 108 млн рубль ақшасын жымқырды" деп айыпталған Мұхтар Меджидовке былтыр желтоқсанда бес жыл түрме жазасы берілген.