Севастополь губернаторы Қырымға оннан астам дрон шабуыл жасағанын хабарлады

Севастополь

Ресей аннексиялап алған Қырымға 7 мамырға қараған түні оннан астам дрон шабуыл жасады, деп хабарлады түбектегі ресейлік басшы – Севастополь губернаторы Михаил Развожаев. Оның сөзінше, қалада ешқандай нысан бүлінбеген.

Шенеунік Телеграмдағы парақшасында бір дроннан ақау шығып, орман алқабына құлағанын, екіншісі Херсонес мүйісінде атып түсірілгенін, үшіншісі Солтүстік мол жағында теңіз төбесінде атып түсірілгенін жазды.

Кейінгі кезде аннексияланған Қырымдағы нысандарға шабуыл жиілеген. Соңғы рет билік аннексияланған түбекте дрондар жойылғанын 4 мамырда хабарлаған. Сәуір соңында дрондар Севастопольдегі мұнай қоймасына шабуыл жасап, өрт болған. Украина армиясының өкілі мұны "Киевтің қайта шабуылға дайындығының элементі" деп атаған.

Ал Украинамен шекаралас Белгород облысында Грайворон қалалық округына қарасты Сподарюшино ауылы атқылауға ұшырағаны хабарланды. Аймақ губернаторы Вячеслав Гладковтың айтуынша, газ құбыры мен электр линиялары бүлінген. Жеке үй қираған, бірақ ешкім зардап шекпеген.

Соғыс басталғалы бері Белгород облысы тұрақты түрде атқылауға ұшырап келеді.