Пригожин Бахмутта шайқасты жалғастыру үшін "Вагнерге" қару жеткізілетінін мәлімдеді

Бахмут, Украина

"Вагнер" жекеменшік әскери компаниясының негізін қалаушы Евгений Пригожин Бахмуттағы шабуылды жалғастыру үшін "Вагнер" жалдамалы әскеріне тиісті дәрежеде оқ-дәрі мен қару берілетінін хабарлады.

7 мамырда Телеграм арнасында тараған Пригожиннің мәлімдемесінде жекеменшік әскери компания мен Ресей қорғаныс министрлігі арасындағы байланысты генерал Сергей Суровикин қамтамасыз етіп отыратыны жазылған.

5 мамырда Евгений Пригожин "Вагнердің" жалдамалы әскері Бахмуттан 10 мамырда кететінін мәлімдеген. Айтуынша, бұған "снаряд тапшылығы" себеп болған. Ол Бахмутта өлген солдаттардың жанынан видео түсіріп, олардың өліміне Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу мен бас штаб жетекшісі Валерий Герасимовті айыптаған.

6 мамырда Пригожин Ресей қорғаныс министрлігімен арадағы кикілжің туралы хабарлама жариялаған. Ондағы ақпаратқа қарағанда, ведомствомен арадағы даудың салдарынан "Вагнер" ірі шығынға ұшыраған.

Ізінше Шешенстан басшысы әскери субординацияны сақтамай, бірден Ресей президенті Владимир Путинге қайырылып, "Ахмат" шешендер жасағын Бахмутқа ауыстыру туралы өтініш жасаған.

Сергей Суровикин былтыр қазан мен 2023 жылдың 11 қаңтары аралығында Украинадағы орыс әскеріне жетекшілік еткен. Қаңтарда Ресей президенті Суровикинді қызметінен алып, оның орнына қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Валерий Герасимовті тағайындаған. Суровикин оның орынбасарына айналған.

Бахмут - Украина шығысындағы қала. Бірнеше айдан бері онда қызу шайқас жүріп жатыр.

Бұған дейін бірнеше америкалық БАҚ Пентагондағы дереккөзге сүйене отырып, Пригожин мен Шойгудың сөзге келіп қалғанын, оларды татуластыру үшін Путиннің өзі араласқанын жазған. Басылымдардың жазуынша, десе де Пригожин министрліктен сұраған нәрсесін ала алмаған.