Қырғыз астанасы Бішкекте 9 мамырда Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіс құрметіне "Мәңгілік полк" шарасы өтті. Соғыста қаза тапқан жауынгерлердің суреттерін ұстаған шерушілер Бішкектегі Оңтүстік қақпадан Жеңіс алаңына дейін шерулетіп өтті. Шара кезінде қаланың бірнеше көшесінде көлік қозғалысы тоқтады.
Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, мұндай шара Ош қаласында да өтті, оған елдің премьер-министі Ақылбек Жапаров қатысқан.
Ақпарат құралдарының жазуына қарағанда, маршқа қатысушыларды ресми тіркеуге алмаған. Ұйымдастырушылар шараға қанша адам қатысқанын әлі нақты хабарлаған жоқ.
"Мәңгілік полк" идеясын 2011 жылы Ресейдегі азаматтық белсенділер көтерген. Кейін бұл шараға қатысты Қырғызстанда, Қазақстанда және ТМД-ның басқа да елдерінде дау туа бастады. Азаматтар бұл шарада Совет одағының символдары көтеріледі деп оған қарсылық білдірді. Ресей Украинаға шабуыл жасаған соң оған қарсылық тіпті күшейе түсті.
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров елде соғысқа қатысқан жауынгерлердің миллиондаған ұрпағы тұратындықтан, "олардың бұл маршты өткізуіне ешкім тыйым сала алмайды" деген.
1 сәуірдегі мәлімет бойынша, Қырғызстанда Екінші дүниежүзілік соғыстың 64 ардагері өмір сүреді. Қырғызстан ұлттық статистика комитетінің мәліметі бойынша, СССР мен Германия соғысына Қырғыз ССР-інен 360 мыңдай адам, яғни ел тұрғындарының төрттен бірі қатысқан.