Еуропа комиссиясының басшысы Киевке келді. Ресей Украина аумағын ракеталармен шабуылдады

Украинаға жасалған ракеталық шабуыл. 9 мамыр 2023 жыл.

Еуропа комиссиясының президенті Урсула фон дер Ляйен 9 мамырда Украина президенті Владимир Зеленскиймен келіссөз жүргізу үшін Киевке келді.

"Әр күн сайын біз қастерлейтін құндылықтарды қорғап жатқан Киевке қайта келгеніме қуаныштымын" деп жазды фон дер Ляйен Twitter парақшасында.

Фон дер Ляйен осымен Киев бесінші рет келіп отыр.

Еуропа комиссиясының президенті Зеленскийдің 9 мамырды Украинада Еуропа күні деп жариялағанына алғыс айтты. 9 мамыр Еуропа одағында Еуропа күні деп белгіленген. 1950 жылы осы күні ресми түрде Еуропа одағының негізі болған декларация ұсынылған еді.

9 мамырда Фон дер Ляйен Киевке жеткен соң бірнеше сағат өткенде Ресей Украина аумағына ракеталармен шабуыл жасады. Киевтің хабарлауынша, Украинаға атылған 25 ракетаның 15-і ел астанасына бағытталған. Украина қарулы күштері 25 ракетаның 23-ін қағып түсірдік деп мәлімдеді. Украина тарабы Харьков, Херсон, Николаев, Одесса облыстары шабуылға ұшырады деп мәлімдеп, "қаза тапқандар мен жараланғандар бар" деді

Ал Киевтің әскери әкімшілігінің басшысы Сергей Попко Киевтегі ракетаға қарсы құрылғылар 15 шақты ракетаны атып түсіргенін хабарлады. Оның сөзінше, зардап шеккендер мен бүлінген ғимараттар жоқ.

8 мамырда Ресей Украинаға дрондармен шабуыл жасаған еді.

Украина президенті Владимир Зеленский Украинада 9 мамыр Еуропа күні, ал 8 мамыр нацизмді жеңген күн деп белгілеу туралы заң жобасын парламентке ұсынды. Зеленскийдің бұл шешімін Украинаны Еуропаға қосқысы келмеген Ресейді қорлау деп санайды.

Зеленский 8 мамырда Еуропа елдері Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанын атап өтіп жатқан тұста "Украина Батыстағы серіктестерімен бірге Ресейді жеңеді" деп мәлімдеді.

"Біз кезінде зұлымдықты (нацистерді айтады – ред.) жеңген едік, сол сияқты бұл жолы да бәріміз зұлымдыққа қарсы тұрамыз" деді ол.

Ресей және постсоветтік елдердің басым бөлігі Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуын 9 мамырда атап өтеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тоқаев Мәскеудегі парадқа неге барды? Соғыс бастаған елге сапардың салдары қандай?