Франция ұлттық жиыны депутаттары "Вагнер" жекеменшік әскери компаниясын Еуропадағы террористік ұйымдардың қатарына қосуды мақұлдады.
Халықаралық француз радиосының хабарлауынша, әңгіме қолға алынған "символдық" шара жөнінде болып отыр. Резолюция жобасының авторы, президентшіл "Жаңғыру" фракциясы мен "Франция – Украина" парламенттік тобының төрағасы Бенжамен Аддад дауыс беру басталмай тұрып, "Вагнер" жекеменшік әскери компаниясы мен оның әрекеті – терроризм" деген саяси ұстанымды білдіру керек екенін айтты.
Қарарда неміс арнаулы қызметінің "Вагнер" туралы мәліметі келтірілген. Атап айтқанда, "Бучада бір әскери топ бейбіт тұрғындарды азаптап, өлтіргені" келтіріледі. Қарарда "Вагнердің" Украинадағы әрекеті әскери қылмыс деп қарастырылуы мүмкін екені айтылады.
Француз депутаттары қабылдаған құжатта Ресей жалдамалы әскери ұйымының Сирия мен Африканың бірқатар еліндегі қырғынға қатысы бары айтылған.
23 наурызда Литва парламенті "Вагнер" жекеменшік әскери компаниясын террористік ұйым деп таныған.
Биыл сәуірде Еуроодақ "Вагнерді" "Ресейдің Украинаға қарсы басқыншылығына белсене араласқаны үшін" санкция тізіміне енгізген.
Жуырда Франция ұлттық жиынының депутаттары Украина бойынша тағы бір қарар – украин балаларын Ресейге депортациялауды айыптайтын құжат қабылдайды.