Нөкіс оқиғасына байланысты айыпталған екі қарақалпақ белсендісі сырттай сотталды

Нөкістегі наразылық. 1 шілде, 2022 жыл.

Өзбекстанда екі қарақалпақ белсендісі – Аманбай Сағидуллаев ("Алға, Қарақалпақстан" жетекшісі, Норвегияда тұрады) пен Ниетбай Оразбаев (Қазақстандағы қарақалпақ диаспорасының өкілі) Нөкіс оқиғасына қатысты қылмыстық іс бойынша сырттай сотталды.

Сот Сағидуллаевты 18 жылға, Оразбаевты 12 жылға бас бостандығынан айырды. Сағидуллаевтың интернеттегі парақтары бұғатталады. Бұл туралы Өзбекстан Жоғарғы сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Қарақалпақстан қылмыстық істер жөніндегі сотының алқасы 10 мамырда Аманбай Сағидуллаев пен Ниетбай Оразбаевтардың үстінен қозғалған қылмыстық істі қарауды аяқтап, үкім шығарды. Сотқа судья С. Дәулетмұратов төрағалық етті. Бұл іс сотта қаралып жатқаны наурыздың аяғында мәлім болған.

Сотталушылар Өзбекстаннан тыс аумақта болғандықтан, сот процесі олардың қатысуынсыз өтті. "Алға, Қарақалпақстан" партиясының жетекшісі Аманбай Сағидуллаев Норвегияда тұрады. Ниетбай Оразбаев Қазақстанның Маңғыстау облысында "Аллаяр жолы" қарақалпақ этно-мәдени бірлестігін басқарады.

Сот Аманбай Сағидуллаевты "Өзбекстан президентіне жала жапты немесе көпшілік алдында оның ар-намысына тиді", "билікті басып алу немесе Өзбекстан конституциялық құрылымын өзгерту мақсатында сөз байласты", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды", "қоғам тұрақтылығына қауіп төндіретін материалдар әзірледі, сақтады, таратты" деп таныды.

Сот үкіміне сәйкес, Сағидуллаев алғашқы екі жылды түрмеде, қалған жылдарды жалпы тәртіптегі колонияда өткізуге тиіс.

Өзбекстан сот алқасы Ниетбай Оразбаевты "билікті басып алуға немесе Өзбекстан конституциялық құрылымын өзгерту мақсатында сөз байласты", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды", "қоғам тұрақтылығына қауіп төндіретін материалдар әзірледі, сақтады, таратты" деп таныды.

Ол 12 жылды жалпы тәртіптегі колонияда өтеуге тиіс.

Бұған қоса, сот Аманбай Сағидуллаевтың интернеттегі парақтары мен арналарын бұғаттау жөнінде шешім шығарды.

Осыған дейін Сағидуллаев пен Оразбаев өздеріне қозғалған іс бойынша сот өтіп жатқанын білмейтінін, ешқандай хабарлама түспегенін айтқан. Ташкент оларды қабылдаған елдерге өтініш жіберген-жібермегенінен де хабарсыз екенін жеткізген.

Былтыр олар Қарақалпақстанның егемендік мәртебесін алып тастауды көздейтін Өзбекстанның жаңа Конституциясының жобасын сынаған (қантөгістен кейін Ташкент бұл өзгерістерден бас тартқан).

56 жастағы Аманбай Сағидуллаев тағылған айыптарды терістеп, 2022 жылғы Нөкіс оқиғасына қатысы жоғын айтқан. Ол Қарақалпақстандағы сырттай сотты "масқара" деп атаған. Ал Қазақстан азаматы, 54 жастағы Ниетбай Оразбаев Нөкістегі оқиға кезінде Қазақстанда болғанын айтқан. Ол қылмыстық қудалаудың мақсаты қарақалпақтардың басын біріктіретін ұйымдарды жабу деп біледі.

  • Өзбекстан билігінің мәліметінше, 2022 жылы 1-2 шілде күндері Нөкіс оқиғасы кезінде 21 адам қаза болып, 200-ден астам адам жараланған. 500-ден астам адам ұсталды. Қарақалпақстанда наразылық Ташкент Қарақалпақстанның егемендік мәртебесін алып тастайтын Конституцияның жаңа нұсқасы жарияланғаннан кейін тұтанған. Қантөгістен кейін Ташкент даулы түзетулерді алып тастады.
  • Жуырда Өзбекстан Жоғарғы соты Нөкіс оқиғасы бойынша сотталған 10-нан астам адамның апелляциялық шағымын қарай бастаған. Арасында журналист, заңгер Дәулетмұрат Тәжімұратов та бар. Қаңтар айында сот оны "билікті басып алу немесе конституциялық құрылымды құлату мақсатында сөз байласты", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды", "ақша жымқырды" және "ақша ұрлады" деген айыптар бойынша кінәлі деп танып, 16 жылға соттаған. Тәжімұратов тағылған айыптарды үзілді-кесілді жоққа шығарып, кінәсіз екенін айтқан.
  • Былтыр күзде Қазақстанда кемінде бес қарақалпақ белсендісі ұсталып, қамалды. Жақтастары олардың ұсталуын Нөкіс оқиғасымен байланыстырады. Қазақстандық құқық қорғаушылардың айтуынша, олардың ұсталуына "Өзбекстанның арнайы қызметінің қатысы бар".
  • АҚШ, Еуроодақ, БҰҰ және халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары Өзбекстан билігінен Қарақалпақстандағы оқиғаны әділ тергеуді, бейбіт халыққа күш қолданылғанын зерттеуді талап еткен.