Астанада журналист Инга Иманбай мен құқық қорғаушы Анар Ыбыраева баспасөз мәлихатын өткізіп, билікті БҰҰ-ның жөнсіз ұстау жөніндегі жұмыс тобының оппозициялық саясаткер Жанболат Мамай туралы есебін ескерусіз қалдырмауға үндеді.
Жуырда БҰҰ-ның жұмыс тобы "Қаңтар оқиғасы кезінде жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген айыппен алты жыл шартты жаза алған Жанболат Мамайдың ісі бойынша есеп әзірлеп, оны "жөн-жосықсыз бостандығынан айырған" деген қорытындыға келген еді.
"Қазақстан – БҰҰ Азаматтық және саяси құқықтар туралы пактісі мен басқа да халықаралық құжаттарға қол қойған және әртүрлі мәселе бойынша БҰҰ-ға есеп беретін мемлекет. Яғни Қазақстан БҰҰ-дан оқшаулана алмайды және оның Жанболат Мамайға қатысты нақты талаптарын орындауға міндетті, – деді Жанболат Мамайдың әйелі, белсенді Инга Иманбай.
Жұмыс тобы есебінде Қазақстан заңнамасын халықаралық нормаға сәйкестендіру мәселесін көтерген болатын. Құқық қорғаушы Анар Ыбыраева бұл кейс бір Мамайдың емес, елдегі басқа да азаматтардың құқығын қорғауға негіз бола алады деп есептейді.
– Бұл жерде жалғыз Жанболат Мамай ғана емес, Қазақстанда жұмыс істейтін басқа да тәуелсіз журналистер мен белсенділердің құқығы қорғалады. Өйткені есепте Қазақстан заңдарын халықаралық нормаға сәйкестендіру туралы талап бар. Осылайша біз жалқыдан жалпының мәселесін шешуге үлес қосып жатырмыз, – деді ол.
Инга Иманбай Қазақстан билігінің БҰҰ-ның жұмыс тобының талаптарын толық орындайды дегенге күмәні барын жасырмады. Бірақ ескермесе, халықаралық деңгейде елдің беделіне нұқсан келетінін президент Қасым-Жомарт Тоқаев жақсы түсінеді дейді.
– Жанболатқа қатысты шешімнің салмағын, оны орындамаса, Қазақстанға келетін салдарын БҰҰ-да қызмет еткен президент Тоқаев бір адамдай біледі деп сенемін. Бірақ Тоқаев өзінің саяси оппонентінің құқығын қалпына келтіреді деу, әрине – иллюзия. Оны орындату, қажет болса, мәжбүрлеуге барлық әрекетті жасаймыз, – деді журналист баспасөз мәслихатында.
Мамырдың басында БҰҰ-ның жөнсіз ұстау жөніндегі жұмыс тобы тіркелмеген "Демпартия" жетекшісі, оппозициялық саясаткер Жанболат Мамайдың бостандығының алты жылға шектелуін жөнсіз деп танып, Қазақстан үкіметінен оны дереу босатуды әрі халықаралық құқыққа сай өтемақы төлеуді талап еткен.
Жұмыс тобы істің мән-жайын ескере келе, билікті Мамайдың ісін тәуелсіз тергеуді және оның құқығын бұзған жауаптыларға тиісті шара қолдануды талап еткен.
Бұған дейін бірнеше халықаралық құқық қорғау ұйымы Мамайға шыққан үкімді сынап, Қазақстан билігін сот шешімінің күшін жоюға үндеген.
Жанболат Мамайға 10 сәуірде Қаңтар оқиғасы кезінде "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды", "билік өкілін қорлады", "жалған ақпарат таратты" деген айыптар бойынша алты жыл шартты жаза кесілген. Үкімге сай, оған осы жылдар аралығында журналистік және қоғамдық саяси жұмыстармен айналысуға тыйым салынған. Белсенді өзіне тағылған айыптардың бірде-бірін мойындамаған және мұның саяси астары бар деген еді. Ресми Астана елде саяси қудалау барын жоққа шығарады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Белсенді Жанболат Мамай соттағы соңғы сөзінде: Менің орнымда елді 30 жыл тонағандар отыруға тиіс едіБҰҰ-ның жұмыс тобы Жанболат Мамайды "жөн-жосықсыз бостандығынан айырған" деп есептейді"Саяси реформаға үндеу – қылмыс емес". HRW Жанболат Мамайға ауыр айып қайта тағылғанын сынады