Жезқазғанда "Қазақмыс" жұмысшылары еңбек шартын жақсартуды талап етті

"Қазақмыс" компаниясының кеңсесі.

9 мамырда кешке "Қазақмыс Смэлтинг" компаниясының Жезқазғандағы мыс балқыту зауытында ондаған қызметкер жұмысқа шығудан бас тартты.

10 мамырда олар қайта жұмысқа шыққаны, бірақ жұмысшылардың бастамашыл тобы келіссөз жүргізу үшін басшылықпен кездесуді күтіп жатқаны хабарланды.

Жұмысшылар еңбек шартын жақсартуды, айлықты өсіруді, жылдық сыйақыны көбейтуді, бір айлық көлеміндегі тоқсандық сыйақыны қалпына келтіруді, жұмыс кестесін өзгертуді, зейнет жасын төмендетуді, 63 жастан асқан жұмысшылармен еңбек келісімін тоқтатуды және компанияның медицина орталығында жұмысшыларға және олардың отбасы мүшелеріне тегін қызмет көрсетуді талап етеді.

"Қазақмыс" компаниясы "жұмысшылар мәселесі шешілгенін" мәлімдеді.

"9-10 мамыр күндері Жезқазғандағы мыс балқыту зауыттың бастамашыл тобы мүшелері мен "Қазақмыс Смэлтинг" басшыларының арасында кездесу өтті. Нәтижесінде "Қазақмыс" корпорациясы басшылығы деңгейінде бірқатар проблема шешілді. Қазір зауыт штаттық режимде жұмыс істеп тұр" деп жазылған компанияның мәлімдемесінде.

Бірақ онда нақты қандай мәселелер шешілгені айтылмаған.

Былтыр қараша айында осы зауыттың жұмысшылары жаңадан тағайындалған директор Бексұлтан Қасымбековті қызметінен кетіруді талап еткен. Онда олар басшының "саясатына" келіспейтінін мәлімдеген. Кейін зауыттың директоры алмасқаны мәлім болған.

"Қазақмыс" компаниясы табиғи ресурстарын қазу және қайта өндірумен айналысады. Компания құрамында геологиялық-барлау кешені, 13 кен, төрт кен байыту фабрикасы, екі мыс балқыту зауыты, екі көмір кені және бір отын-энергетика кешені кіреді. Компанияның негізгі өндірісі Ұлытау және Қарағанды облыстарында орналасқан. "Қазақмыс" корпорациясында жалпы 38 мыңнан астам адам жұмыс істейді.