2022 жылы Еуроодаққа (ЕО) мүше елдерден Қырғызстан, Қазақстан және Арменияға жөнелтілген 1 млрд доллардан астам сомаға бағаланған тауарлар Ресей арқылы өткенде "жоғалып кеткен". Бұл туралы Financial Times (FT) басылымы жазды.
Ашық мәліметке сәйкес, Ресей Украинаға басып кіргеннен бері ЕО елдерінен транзит ретінде Ресейге 2 млрд доллардың тауары кірген. Сонымен бірге басылым Еуроодақтан Ресейге мұндай жолмен жөнелтілген экспорттың көлеңкелі көлемі әлдеқайда жоғары екенін белгілеген.
"Мысалы, Ресейге экспорттауға тыйым салынған ұшақ тетіктері, оптика жабдықтары және газ турбиналары секілді тауарлар Ресей аймағынан транзит ретінде көрсетіліп, шын мәнінде, ЕО-дан Ресейге жеткізіліп тұрған" деп жазды Financial Times.
Сонымен бірге Ресейге көршілес елдерге тауар өте көп көлемде импорттала бастаған. Бұл тауар түрлері кейін Ресейге жеткізілуі мүмкін деген болжам бар.
Бұған дейін Еуроодақ санкция салынған тауарларды Ресейге көлеңкелі жолмен алып кіруге қарсы болатынын бірнеше рет мәлімдеген.
ЕО санкцияның 11-пакетін жариялап, оған Қазақстан, Түркия, Қытай және Өзбекстан да кіруі мүмкін екені туралы мәлімет айтылып жатыр. Санкциялардың кезекті пакеті жақын арада қабылданбақ. Ол Ресейдің тағы 72 азаматы мен 31 компаниясын қамтиды.