Хромтауда 70 шахтер жалақы өсіруді талап етіп, шахтаға түспей қойды

Кен өндіру.

12 мамыр күні Ақтөбе облысындағы Дөң кен байыту комбинатының 70 жұмысшысы жалақы көбейтуді талап етіп, шахтаға түспей қойды.

Наразылар Хромтау ауданындағы Дөң кен байыту комбинатының "Тәуелсіздіктің 10 жылдығы атындағы" шахтада хром кенін өндіреді.

– Шахтада үңгуші болып жұмыс істеймін. Жұмысымыз өте ауыр. Айлығымызды көбейтсін! Басқа айтарымыз жоқ, – деді Азаттық тілшісімен қысқа ғана тілдескен наразылардың бірі.

Шахтерлердің наразылығы туралы ақпаратты "Қазхром" трансұлттық компаниясы да, Ақтөбе әкімдігі де растады. Әкімдіктің мәліметінше, наразылармен келіссөз жүргізіліп, жұма күні түстен кейін олар қайтадан шахтаға түскен.

"Қазхром" трансұлттық компаниясының хабарлауынша, Eurasian Resources Group-қа қарасты кәсіпорындардың бәрінде 2023 жылғы қаңтар айында жалақы 15 пайызға көбейген.

"Жұмысшылардың бұл жолғы талаптары да ескеріледі" деп хабарлады "Қазхром" трансұлттық компаниясы. Бірақ шахтерлер жалақысы қай айдан бастап, қанша пайыз көбейетінін нақтыламады.

"Қазхром" директорлар кеңесінің құрамына Александр Машкевич, Патох Шодиев және Шухрат Ибрагимов секілді белгілі олигархтар кіретін Eurasian Resources Group компаниясына тиесілі. Ашық дереккөзге сүйенсек, "Қазхромда" жалпы 19 мың адам, ал Дөң кен байыту комбинатында 7,5 мың адам жұмыс істейді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Шодиевтер Өзбекстанның ірі энергетикалық компанияларын тағы да тендерсіз алған Құлыбаевтың қайта салынған зәулім үйі және қазақстандық ERG-де қызмет еткен екі шетелдіктің өліміҚазақстандық байлардың дәулеті бұрынғыдан да арта түсті"Клептопия". Британ журналисінің кітабындағы Назарбаевтар, Әблязов және олигархтарТоқаевтың "әділдік" орнату амбициясының артында не тұр?