Әзербайжан мен Армения жетекшілері Брюссельде кездесті

Солдан оңға қарай: Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев, Еуропа кеңесінің төрағасы Шарль Мишель, Армения премьер-министрі Никол Пашинян, Брюссель, 14 мамыр, 2023 жыл.

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев пен Армения премьер-министрі Никол Пашинян Брюссельде кездесті. Кездесу Еуропа кеңесінің төрағасы Шарль Мишельдің араағайындығымен өткен. БАҚ хабарына қарағанда, әзербайжан-армян шекарасы мен Таулы Қарабақ төңірегіндегі жағдай талқыланған.

Бұған дейін "екі тарап бейбіт келісім жобасын талқылайды" деген ақпарат тараған.

Әлиев пен Пашинян кездесер қарсаңда да екі ел арасында кезекті қарулы қақтығыс болған еді. Үш күн бұрын Әзербайжан қорғаныс министрлігі Қарабақ маңындағы шекарада армян әскерімен қақтығыс болғанын, бір адам өлгенін хабарлаған. Әзербайжан сыртқы істер министрлігі "арандатып отыр" деп Арменияны айыптаған.

Армения қорғаныс министрлігі, керісінше, Әзербайжанды кіналап, төрт жауынгері жараланғанын хабарлаған.

  • Халықаралық құқық бойынша, Таулы Қарабақ Әзербайжан жері деп есептеледі. Бұл өңірді мекендейтін халықтың басым көпшілігі – армяндар. 1990-жылдары Баку Таулы Қарабақтың негізгі бөлігін бақылаудан шығарып алған. Армян қауымдастығының өкілдері тәуелсіз республика жариялаған, бірақ онысын әлемде еш мемлекет мойындаған емес.
  • 2020 жылы күздегі 1,5 ай соғыс кезінде Әзербайжан Таулы Қарабақты қайтарып алған. Қақтығыс аймағына Ресейдің бітімгершілік күштері кіргізілген.