Астраханьдағы ноғай белсенділерінің бір тобы "Тәуелсіз Ноғай республикасын" құруды көздейтін жобаға қарсы шықты

Ноғай белсендісі Әнуар Құрманақаев.

Ресейдің Астрахань облысында тұратын ноғай-қарағаш белсенділерінің бір бөлігі "орталығы Астрахань болатын Ноғай мемлекетін құру жобасына" қарсы ашық хатқа қол қойып, үндеу жасады. Бұл жөнінде "Idel.Реалии" хабарлады.

Олар жергілікті белсенді Әнуар Құрманақаев бастаған "Ноғай республикасы" қозғалысын айыптаған. Белсенділер ашық хатта Ресейдің Украинаға жасап отырған агрессиясына қолдау да білдірген.

Құрманақаев пен оның қозғалысына қарсы үндеуге ноғай-қарағаш ұлттық-мәдени автономиясының жетекшілері Рафиқ Абдуллаев, ноғайлардың облыстық "Едіге" мәдени орталығының төрағасы Ильдар Әлмұхамедов және ноғайтанушы этнолог Эльдар Ыдырысов қол қойған.

"Әнуар Құрманақаевтың (бұрын Қазақстан азаматы болған, қазір Түркияда тұрады) сөзі мен ісі өз халқына сатқындық жасаумен және арандатумен тең. Кезінде фашистер қызыл әскер киімін киіп, арандатушылықпен қалай шұғылданса, Құрманақаев та Астрахань ноғайларының рәміздерін әдейі пайдаланып отыр. Ол Астрахань ноғайлары Ресей президентін және оның арнаулы әскери операциясын қолдағандардың алдыңғы қатарында болғанын біледі" деп жазылған үндеуде.

Бұл ашық хатты Астрахань саясаткері Олег Шеин қолдаған. Ол Құрманақаевты "Парижде қаңғып жүрген ноғай эмигранты" деп атап, "сепаратистер аймақ халқының шын мәніндегі мүддесін білмейді" деп мәлімдеген.

"Оларға адамдар нені қалайтыны маңызды емес. Оларға "осының бәрін Шыңғыс хан жасады, бұл – біздің тарихи жеріміз" деу маңыздырақ" дейді ол.

"Ноғай республикасының" мүшелері бұл ашық хат туралы қандай да бір пікір білдірген жоқ. "Азат Ноғай елі" деген атпен көбірек танымал бұл жоба 2022 жылы көктемде телеграм-арнада блог түрінде пайда болған. Блог авторлары Украинаны жақтап, Ресейдің толық ыдырап кетуін қалайтынын білдірген.

Бұған дейін "Idel.Реалии" "Азат Ноғай елінің" өкілі Едіге Бекмырзаевпен әңгімелескен. Құрманақаев секілді ол да болашақ ноғай мемлекетінің орталығы Астрахань болуға тиіс деп есептейді.

– Астрахань орта ғасырда ноғайлардың астанасы болғаны тарихи мәліметтерден мәлім. Оған көптеген архив құжаты куә. Біз осы мәліметтерге сүйене отырып, Ноғай мемлекетінің астанасы Астрахань болуға тиіс деп есептедік, оның үстіне, бұл облыста 100 мыңға жуық ноғай тұрады, – дейді Бекмырзаев.

2021 жылғы санақ бойынша Ресейде ноғайлар саны 109 мың болған. Ноғай тілі қазақ тіліне ең жақын тіл деп есептеледі. Қазақ және ноғай мәдениеті мен әдебиетінде ортақ мұра жиі кездеседі.

Your browser doesn’t support HTML5

Құмық пен ноғай жастары ана тілі туралы