Астана 107 ел қатысып, 19 ел бойкот жариялаған чемпионаттан жүлдемен қайтқан боксшыларын күтіп алды

Спорт құралдары.

15 мамырда Қазақстанның бокстан құрама командасы Ташкенттен өткен әлем чемпионатынан оралды. Қазақстан бокшылары бұл чемпионатта төрт алтын, бір күміс медаль алды.

Асланбек Шымбергенов (71 келіге дейін) финалда өзбек боксшысы Саиджамшид Жафаровты жеңді. Нұрбек Оралбай (80 келі) Қытай командасының боксшысы Тоқтарбек Таңатқанды жеңді. Санжар Тәшкенбай (48 келі), Махмұд Сабырхан (54 келі) де өз салмақ дәрежесінде чемпион болды. Дулат Бекбауов (67 келі) күміс медаль алды.

Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов боксшылармен кездесуде жеңімпаздарға қандай сыйақы белгіленгенін айтты.

– Мәдениет және спорт министрлігі әрбір чемпионға 15 мың доллардан төлейді. Олардың жаттықтырушыларына да сонша қаржы беріледі. Бұдан бөлек, бокс федерациясы 100 мың доллар, AIBA 200 мың доллар береді, – деген министр мұны "ынталандырудың жақсы тәсілдерінің бірі" деді.

Бокстан әлем чемпионатында жалпыкомандалық есепте бес алтын медальмен Өзбекстан алға шықты, төрт алтын медальмен Қазақстан екінші орынға тоқтады.

Биыл 30 сәуір-14 мамыр аралығында әуесқой бокшылар арасында Ташкенте өткен әлем чемпионатына 107 мемлекеттен 538 боксшы қатысып, 13 салмақ бойынша бәсекеге түскен.

2022 жылы 24 ақпанда Ресейдің Украинаға жаппай басып кіруіне байланысты Халықаралық олимпиада комитетінің Ресей және Беларусь елдерінің спортшыларына өз елдерінің туымен қатысуға рұқсат бермеу жөніндегі ұсынысына қарамастан, Ресей азаматы Умар Кремлев басқаратын Халықаралық бокс қауымдастығы оларға ешбір шектеусіз қатысуға рұқсат берген.

Осыған байланысты 19 ел (21 ұлттық федерация) бұл турнирге бойкот жариялап, спортшыларын жібермеген. Бойкот жариялаған елдер: Аргентина, Канада, Чехия, Дания, Финляндия, Германия, Ұлыбритания, Англия, Шотландия, Уэльс, Исландия, Ирландия, Латвия, Литва, Нидерланд, Жаңа Зеландия, Норвегия, Польша, Швеция, Швейцария, АҚШ және Украина.