Қаңтар оқиғасы: куәгерлердің бірі белсендіге қарсы куәлік беруге мәжбүрлегенін айтты

Семейлік белсенді Кенжебек Сұлтанбеков (сол жақтан үшінші). 2016 жыл.

18 мамырда Семейде Қаңтар оқиғасы кезінде жаппай тәртіпсіздік жасады деп айыпталған белсенді Кенжебек Сұлтанбековтің ісі бойынша сот отырысы жалғасты.

Сотта бұл іс бойынша куәгер болғандардың бірі өзін Сұлтанбековке қарсы куә болуға мәжбүрлеп, екі саусағын сындырғанын айтты.

– Сұрау алу кезінде маған Кенжебек Сұлтанбековке қарсы жалған куәлік етуді ұсынып, митингіні солар ұйымдастырды, әкімшіліктегі шкафтарды аударды деп айтуым керек болды. Мен бас тартқаннан кейін ұрып-соғып, екі саусағымды сындырды, – деді аты-жөнін ашық айтқысы келмеген куәгер.

Ол митинг кезінде Сұлтанбековтің қандай да бір заңға қарсы ісін көрмегенін айтты.

– Сұлтанбеков, керісінше, ешкімді әкімдікке кіргізбеуді және ешнәрсеге тиіспеуді ескертіп жатқанын көрдім. Бұл кезде құқық қорғау органдары қызметкерлерінің бәрі қашып кетіп, ғимаратты өзіміз қорғауымызға тура келді, – деді куәгер.

Ол тәртіпсіздікті басқа адамдар ұйымдастырғанын айтты.

– Оларда полиция қызметкерлерінікіндей камералар болды, бірақ азаматтық киіммен жүрді. Әкімдікте компьютерлерді ақтарып, құжаттарды қарап жатқанын көрдім. Олардың бірін шығаруға әрекет еткенде, ол "полиция қызметкері" екенін айтып, куәлігін сұрағанда, қашып кетті, – деді.

Сұлтанбековтің ісі бойынша сот отырысы биыл 18 сәуірде басталған. Тергеу ісіне сәйкес, ол адамдарды билікке бас имеуге үндеген.

Кенжебек Сұлтанбеков өзіне тағылған айыптарды мойындамайды. Ол 2022 жылғы 6 қаңтарда ұсталып, 1 қыркүйекте ұйқамаққа шығарылды. Белсенді Қаңтар оқиғасына байланысты қамалған жүздеген адам азапталғанын мәлімдеген.

Кенжебек Сұлтанбеков – Семейде билікті ашық сынап жүрген белсенділердің бірі. 2020 жылы ол тергеу абақтысында қаза болған Дулат Ағаділдің жаназасына барар алдында ұсталған. 2016 жылы ол "жер акциясына" қатысқаны үшін 15 тәулікке қамалып шықты.