НАТО-ның шілде айында Вильнюсте өтетін саммитінде солтүстікатлантикалық одаққа мүше елдер Ресейдің ықтимал агрессиясына қарсы жауап беретін құпия әскери жоспарын бекітеді. Мұндай нәрсе Қырғиқабақ соғыс жылдарынан бері бірінші рет болайын деп отыр.
Бұл жайында Reuters агенттігі хабарлады.
"НАТО-ның бұл шешімі оның стратегиясындағы "негіз қалаушы қадам" болады. Солтүстік Атлантика альянсы мұндай ірі масштабтағы жоспарларды Совет Одағы тарағаннан бері жасамаған. Себебі постсоветтік Ресейді қауіп ретінде көрген емес. Бірақ Украинаға шабуыл жасағаннан кейін НАТО-ның лидерлері Ресейден төнетін қауіп бар екенін түсінді" деп жазды агенттік.
Саммитте аймақ жоспарлары да қабылданып, НАТО-ның бірқатар мүшесі қарулы күштердің жаңа логистикасын бекітуге қажет шараларды қолға алады.
"Қырғиқабақ соғыс кезіндегідей шағын жоспарлар құрылады" деп жазады Reuters. Мақұлданатын жоспар аясында одаққа мүше елдер қабылдап қойған шаралар да пысықталады. Атап айтқанда, Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін НАТО елдері бұрынғыдай 40 мың емес, 300 мың солдат жоғары әскери дайындық жағдайында болады деп келіскен.
Агенттіктің мәлімдемесінде НАТО-ның қорғаныс жоспарында Украинаның қарулы күштері есепке алынар-алынбасы жөнінде ештеңе жазылмаған.