Грузияда Лавровтың туысының үйлену тойы наразылықтан кейін өтпей қалды

Кварели шипажайындағы наразылық

Грузияда белсенділер елде Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың туысының үйлену тойының өтуіне қарсылық білдіріп, акция өткізді. Грузия президенті Саломе Зурабишвили 20 мамырда күндіз Кахетиядағы Кварели қонақүйінде өтуі тиіс болған Лавровтың күйеубаласының бауырының үйлену тойы өтпейтінін хабарады. Ал Грузияға сол үшін келген қонақтар елден кеткен.

Үйлену тойына Лавровтың қызы Екатерина Винокурова да келгенін оппозициялық "Мватари" телеарнасы хабарлаған. Телеарна Тбилисидегі неке қию рәсімінен де видео жариялаған. Ақпаратқа қарағанда, видео Екатерина Винокурованың қайын ағасының неке қию рәсімінен түсірілген. Сенбі күні Кахетиядағы Kvareli Lake Resort қонақүйінде үйлену тойы өтуі тиіс болған, алайда 20 мамырда белсенділер қонақүй маңында наразылық акциясын өткізді. Акцияға қатысқан кемінде 16 адам ұсталған. Ақпарат құралдарының жазуынша, белсенділер қонақүйден шыққан микроавтобустарға "Грузияда орыстарға орын жоқ!" деп айқайлап, жұмыртқа лақтырған.

Кейін грузин билігі үйлену тойының өтпейтінін хабарлады. Грузия басшысы мұны "қоғамның жеңісі" деп атады.

Зурабишвилидің айтуынша, тойдың өтпейтінін оған Грузия ішкі істер министрі Вахтанг Гомелаури айтқан.

Қонақүй өкілдері бастапқыда журналистерге Лавровтың қызының ол жаққа орналаспағанын айтқан. Дегенмен оппозициялық "Біртұтас ұлттық қозғалысы" жетекшілерінің біріне қонақүй әкімшілігі ол жаққа ресейлік министрдің отбасы мүшелері жайғасқанын растаған.

Зурабишвили сенбі күні үкіметті Батыстың санкцияна ілінген Ресей азаматтарына дереу санкция жариялауға шақырды. Тізімде Лавровтың қызы да бар.

Лавровтың туыстарының Грузияға сапары Ресей мен Грузия арасында әуе қатынасының қалпына келуімен тұспа-тұс келді. Президент Зурабишвили Ресейге ұшуын тоқтатқанша Georgian Airways әуе компаниясының қызметін пайдаланбайтынын айтты.

Сенбі күні кешке Тбилисиде Ресеймен әуе қатынасының қалпына келуіне байланысты наразылық акциясы өтті. Жиналғандар Ресеймен әуе қатынасын тоқтатуды, Кахетия қонақүйі алдындағы акция кезінде ұсталғандарды босатуды талап етті. Билік бұл талаптарды орындаған жоқ, осыдан кейін акцияға қатысқандар наразылықты тоқтатпайтынын мәлімдеді.

Грузия өзін "тәуелсізбіз" деп жариялап алған Абхазия мен Оңтүстік Осетияны Ресей басып алған аумақ деп санайды. Алайда грузин билігі Ресейдің Украинаға басқыншылығына байланысты Мәскеуге санкция салудан бас тартқан. Оппозиция үкіметті Ресейге "бүйрегі бұрып тұрады" деп айыптайды.