Жапониядағы сапары кезінде журналистердің "Бахмут украин әскерінің бақылауында ма?" деген сұрағына жауап берген Украина басшысы Владимир Зеленский "жоқ деп ойлаймын" деген. Алайда кейін Зеленскийдің баспасөз хатшысы Сергей Никифоров журналист президенттен "Ресей Бахмутты тұтас басып алдық дейді, оған не дейсіз?" деп сұрағанын, Зеленский оған "жоқ деп ойлаймын" деп жауап бергенін, осылайша орыс әскерінің қаланы басып алғанын жоққа шығарғанын айтты.
Ресей әскері Донецк облысындағы шағын Бахмут қаласын 2022 жылдың жазынан бері басып алуға тырысып келеді.
"Олар оны тұтас жермен-жексен еткенін білуге тиіссіздер. Қазір Бахмут тек біздің жүрегімізде ғана қалды" деді Зеленский.
Украина бас штабының 21 мамыр күнгі хабарламасында Бахмутта шайқас жалғасып жатқаны жазылған.
Украина күштері кейінгі кезде қаланың оңтүстік батысындағы бірнеше көпқабатты тұрғын үй орналасқан "Ұшақ" ескерткіші маңына орныққан еді. Американың "Соғысты зерттеу институтының" жазуынша, ресейлік "Вагнер" жекеменшік компаниясы солдаттарының аталған ауданды басып алғаны жөнінде визуалды айғақ жоқ. Ресей жарты жылдан астам уақыт ішінде Бахмуттағы шайқаста ондаған мың адамынан айырылған. Кейінгі күндері украин күштері Бахмуттағы қапталға шабуыл жасап, Ресей әскерін солтүстік пен оңтүстікке қарай ығыстырған болатын.