"Қазақстан Украинаның кебін киюі мүмкін" деп мәлімдеген Ресей Мемлекеттік думасының депутаты Константин Затулин Ресей сыртқы істер министрлігі араласқаннан кейін Қазақстанға кірген. Бұрын Затулиннің Қазақстан аумағына кіруіне тыйым салынған.
Бұған дейін кремльшіл "Sputnik Ближнее зарубежье" ақпарат агенттігінің телеграм-арнасы Ресей депутаты баспасөз қызметіне сілтеп, Затулин "шекарадағы паспорт бақылауынан өткізілмегенін" хабарлаған.
Депутаттың баспасөз қызметінің жетекшісі Затулин "теннистен әуесқойлар турнирінің ашылу салтанатына қатысатынын" жариялаған. Оның сөзінше, Қазақстанға кірерде "белгілі бір проблемалар болған, бірақ мәселе Ресей сыртқы істер министрлігі араласқан соң шешілген".
ҰҚК баспасөз қызметі Азаттық сауалына жауап бермеді. Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров "бұл мәселе мен жұмыс істейтін ведомствоның құзырына жатпайды" деп мәлімдеген. Ол Ресей сыртқы істер министрлігі араласқаны туралы да түсініктеме бермеді.
Константин Затулин – Ресей үкіметінің "шетелдегі отандастар ісі бойынша" комиссиясының мүшесі. Ол 2022 жылы жазда Қазақстанның аумақтық тұтастығына қол сұғатындай сөз айтқан. Ресей Мемлекеттік думасы төрағасы орынбасарының бұлай сөйлеуіне Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Санкт-Петербургте өткен форумда Қазақстан Украинаның шығысында құрылған сепаратистік "ДХР" мен "ЛХР" құрылымдарын мойындамайтыны туралы сөзі ілік болған. Қыркүйекте Затулин Қазақстан "тайғанақ жолға түсті, мұнысы Ресей тарапынан реакциясыз қалмайды" деп мәлімдеген.
Затулин Ресейдің адам құқығы жөніндегі уәкіліне үндеу жасап, "Қазақстанда сотталған ресейшіл блогер Ермек Тайшыбековтің ісіне араласуын" сұраған. Тайшыбеков 2021 жылы "ұлтаралық арауыздық туғызғаны үшін" жеті жылға түрмеге жабылған.
2022 жылы қазан айында Затулиннің Арменияға кіруіне тыйым салынғаны хабарланды.
2022 жылы маусымда Қазақстан сыртқы істер министрлігі "Қазақстанға кіруге тыйым салынған адамдар" тізімі бар екенін растап, оған Ресейдің пропагандисі Тигран Кеосаян да қосылғанын айтқан. Кеосаян YouTube-арнасында Жеңіс күні парад өткізуден бас тартқан Қазақстанға қарата зілденіп сөйлеген. "Украинаның күні Қазақстанға да тууы мүмкін" деп доқ көрсетіп, Ресейдің жауапты тұлғаларын "өзара қарым-қатынасты қайта қарауға" үндеген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ БАҚ: Қазақстан Тигран Кеосаянды террористермен бір тізімге қосты