Тәжікстан Сириядан "Ислам мемлекеті" террористік ұйымы содырларының әйелдері мен балаларынан тұратын 100-ден астам адамды әкелгенін хабарлады.
Тәжікстанның Кувейт пен Сириядағы елшісі Зубайдулло Зубайдзоданың сөзінше, әйелдер мен балаларды арнаулы рейс Душанбеге 21 мамырдың кешінде жеткізген. Арасында 31 әйел мен кәмелетке толмаған 33 қыз, 40 ер бала бар.
Олардың көбі – 2014-2016 жылдары Сирия мен Иракқа күйеулерінің артынан кеткендер. 2018 жылы "Ислам мемлекеті" талқандалған соң, оларды Сириядағы босқындар лагеріне орналастырған деп хабарлайды Азаттық радиосының Тәжік редакциясы.
Тәжікстан сыртқы істер министрлігінің өкілі Абдугаффор Камол Сириядан келгендердің арасында Қазақстанның бес азаматы бар екенін айтқан. Оларды Қазақстан билігіне бермек. Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінің Азаттыққа айтуынша, әзірше "мәлімет нақтыланып жатыр".
Былтыр шілдеде Тәжікстанға 146 тәжік әйелі мен баласы жеткізілген. Тәжік билігі оған дейін Сирия лагерьлерінде 500-ден астам тәжік әйелі мен баласы отырғанын хабарлаған.
БҰҰ Тәжікстан мен өзге де елдерге Сирия ларерьлеріндегі азаматтарын алып кетуді ескерткен.
Қазақстан билігі 2018 жылдан 2021 жылғы қазанға дейін Таяу Шығыстан Қазақстанның 742 азаматын қайтарған. Оның 189-ы – әйел, 516-сы – бала. Арнаулы қызмет мәліметіне қарағанда, 53 адам түрмеге қамалған.