Ресейдің Федерациялық қауіпсіздік қызметі ішкі істер министрлігімен бірлесіп, Новотроицк қаласының 25 жастағы тұрғынын ұстаған. Күш құрылымдары оны "Новотроицк теміржол станциясы мен Орск қаласының әскери комиссариатын өртемек болған" деп есептейді. Бұл жөнінде "РИА Новости" Федерациялық қауіпсіздік қызметіне сілтеп хабарлаған.
Күш құрылымдары өкілдерінің сөзіне қарағанда, "күдікті адам жоспарын жүзеге асырған соң, Украина қарулы күштеріне өтпек болған. Бомба жасауға керек бөлшектерді орман ішіне тығып қойған, Telegram арқылы Украинаның арнаулы қызметімен хат жазысқан".
SHOT телеграм-арнасының жазуынша, күдікті адам тауар кассирі болып жұмыс істеген. Ол интернеттен "жанғыш сұйықтықты қалай жасауға болатынын өз бетінше іздеп көрген, содан соң дүкендерден керек бөлшектерді сатып алмақ болған. Канистр, тез жанатын сұйықтық және күрек пен дүрбі сатып алған. Оның бәрін орманға жасырған."
Күдіктінің үстінен "теракт жасауға дайындалды" деген айыппен қылмыстық іс қозғалған.
Ресейдің түрлі өңірінде – Мәскеу түбінде, Ивановода, Свердловск облысында, Воронежде теміржолдарға диверсия жасалмақ болғанын Ресей күш құрылымдары мен аноним телеграм-арналар жиі хабарлайды. Ұсталған күдіктілердің көбі – жастар, кейбірі 20-ға да толмаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ресейдің Украинамен шектесетін Белгород облысына Орыс еріктілер корпусы мен "Азат Ресей" тобы кірген